Әлеумет

Демография: Былтыр ұлдар көбірек дүниеге келген

Ұлттық статистика бюросы Қазақстанда 2024 жылғы қаңтар-желтоқсандағы демографиялық ахуал туралы мәліметтерді жариялады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша халық саны 20 286 084 адамды құраған, оның ішінде қала тұрғындары – 12 774 743, ауыл тұрғындары – 7 511 341 адам. Халықтың саны бір жылда 252 242 адамға өскен, оның ішінде табиғи өсім есебінен 235 078 адамға, көші-қон есебінен – 17 164 адамға

12 ай ішінде 368 670 сәби дүниеге келген, оның ішінде ұлдар – 190 213, қыздар – 178 457. Туудың ең жоғары деңгейі Түркістан (1000 тұрғынға 25,05 адам), Маңғыстау (24,47) облыстарында және Шымкент қаласында (23,68) байқалған.

Аталған уақыт ішінде 133 592 адам қайтыс болған. Өлім-жітімнің ең жоғары деңгейі Солтүстік Қазақстан (1000 тұрғынға шаққанда 11,57), Шығыс Қазақстан (11,29) және Қостанай (10,18) облыстарында байқалған, бұл осы аймақтардағы халықтың жас құрылымына байланысты.

Сондай-ақ былтырғы жылдың ішінде алдын ала мәлімет бойынша 123 651 неке және 40 647 ажырасу тіркелген.