Әлеумет

Дарын Бөргеков: АЭС-ті бүгін емес, кеше салуымыз керек еді

2021 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейбіт атомды қолданып, электр энергиясын өндіру мүмкіндігін зерттеуді тапсырған-ды. 2024 жылы Президент өз Жолдауында АЭС салудың маңызына тоқталып, халықтық референдумның күнін белгіледі. Қазір қоғам атом энергетикасының пайдасы мен зиянын жан-жақты талқылауда. Ұранды сөздер де аз емес. Біз Ядролық физика институты Астана филиалы директорының орынбасары, ядролық физика бойынша PhD-докторы Дарын Бөргековке хабарласып, маманның пікірін білдік.

– Сарапшылардың сөзіне сенсек, АЭС келешектің перспективалы жобасы. Бұдан ұтпасақ, ұтылмаймыз деген сөздерге сендіріп, дәлел-дәйектерін келтіреді. Маман ретінде айтыңызшы, атом энергиясы бізге қаншалықты қажет?

– Өз ойым, АЭС-ті қазір салмай, кеше салуымыз керек еді. Сонда қоғамда атом стансиясы керек пе, керек емес пе деген сауалдар болмайтын еді. Өйткені, дәл қазір электр энергиясына деген тапшылықты сезінудеміз.

Жалпы қандай энергия көздері бар? Жел, су, күн, жылу энергиясын жақсы білеміз. Аталған энергия көздерін белгілі бір деңгейде тұтынамыз. Тұрақты жел болмаса, үздіксіз күн түспесе, энергия болмайды. Біздегі ірі өзендердің жағдайы белгілі, трансшекаралық су көздеріне жатады. Ендеше ЖЭС-тен өзгесі тұрақты энергия көзі бола алмайды. ЖЭС-ті жаңарту, жаңғырту арқылы электр энергиясын алуға болушы еді. Бірақ Қазақстан 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптыққа қол жеткізу доктринасына қосылды. Алдымызда көміртектің ауаға шығуын кезең-кезеңімен азайту міндеті тұр. Сондықтан жасыл энергияға жататын атом энергетикасын ілгерілету ұтымды.

Сөзсіз, ғылымның дамуымен қатар қалпына келетін энергия көздерінің рөлі электр энергиясын өндіруде күннен-күнге артып келеді. Ал атом электр стансиясы отын ретінде өте аз мөлшерде уранды пайдаланып, көп мөлшерде энергия өндіру үшін тиімді.

– Сіз атом энергетикасын жақтап отырсыз. Өйткені ғалым ретінде атомның артықшылығына көзіңіз жетеді. Тұрақты энергияның бұл түрінің ұтымдылығын қалай дәлелдейсіз?

– Өңір-өңірлерде қосалқы электр энергия көздерін дамыту маңызды. Яғни оңтүстік өңірлерде күн стансияларын жетілдіруге, елдің кейбір өңірінде желдің бағыттарына қарай жел стансияларын орнатуға болады. Мұның екінші жағы бар. Күнді алайықшы, 24 сағат шығып тұрмайды ғой, жел де апталап, айлап соқпайды. 7-8 сағатта күн батареясынан немесе 2-3 күнге созылған жел жылдамдығынан генератор іске қосылып, аккумуляторға энергияны жинап алдық дейік. Енді өндірілген мегаватты (МВт) ұстау үшін қаншама аккумулятор керек, әрі соншалықты жер аумағы қажет. Бұған біз қаншалықты дайынбыз? Күздегі және қыстағы табиғи факторлардың әсерін де ескеру керек.

Бастысы, күн және жел агрегаттарының жұмыс істеу мерзімі – 15 жыл. Оларды қайта өндеу өте қиын. Жел мен күн тұрақсыз энергия көзі саналады. Ал, АЭС- тің жұмыс істеу мерзімі – 60 жыл. Белгілі бір агрегаттарын жөндеп, жарамдылығын 100 жылға дейін созуға мүмкіндік бар.

– Енді ЖЭС пен АЭС-ті салыстырып көрейікші. Мамандардың сөзінше, екеуінің де жұмыс істеу процессі ұқсас. Тек судың буға айналғанға дейінгі механизмінде айырмашылық бар. Сонда ЖЭС-ті неге тиімсіз санап отырсыз?

– Сөзсіз, екеуінің де электр энергиясын өндіру тәсілі ұқсас. ЖЭС дәстүрлі энергия көзі ретінде өз қызметін толық атқаруда. Әлі алдағы 20-30 жылға дейін атқарады. Бұларды экологиялық тұрғыда салыстырғанда, артықшылығы мен кемшілігі белгілі болады.

ЖЭС-тың шикізаты не? Әрине, көмір. Көмір ел энергетикасының негізгі қоры. Қарағанды бассейнінің көмірі көбінесе кокстелетін көмір. Жер астынан шахталық тәсілмен алынады. Ал, Екібастұздағы көмір карьерлері жерді қазу арқылы пайда болды. Көмір өндірілген кезде метан шығарындысы пайда болуы мүмкін, бұл атмосфераны ластайды. Күл бөлшектері мен улы қосылыс, қатты және газ тәрізді заттар ауаға түседі. Күл желмен ұшып, одан да радиация бөлінеді. Бұл тұрғыда алғанда, АЭС-ті «жасыл энергияға» қосуға болады.

– Атом энергетикасын «жасыл энергияға» қостыңыз. Бұл қисынға келе ме?

– ЖЭС-ке қарағанда АЭС-тің экологиялық зияны төмен. Қазіргі атом энергетика стансиялары үшінші буынға жатады. Тіпті ауаға кері әсері жоқ деп есептеуге болады.

Екінші жағы, атом стансиясының өнімі – уран толығымен жанбайды. Оны алып, заманауи технология арқылы қайта өндеп, қайтып отын ретінде қолданады. Яғни атом стансиясының шикізатын қолданып болғаннан кейін далаға лақтырып тастайтын қалдық емес, толық циклда пайдаланатын зат.

– Бізге қызықтысы, атом энергетикасы саласында әлемнің озық елдерінің тәжірибесі. Біз қай елді үлге ете аламыз?

– АҚШ-та 94 реактор бар, Франция мен Қытайда 56 реактор жұмыс істейді. Ресейде – 24, Жапонияда -  12 АЭС қолданыста.

Франция, Оңтүстік Корея, Ресей және Қытай өзінің ұсынысын білдіріп, АЭС-ті бірлесе салуға ықылас танытып отыр. Бұл елдер ең қауіпсіз реакторларды ұсынып отыр. Мұндай атом стансияларында ешқашан апат болған емес.

– ХХ ғасырда атом электр стансияларында апат орын алғанын білеміз. Мұндай жағдайлар қайталанбай ма?

– Қауіпсіздік тұрғысынан алатын болсақ, ең бірінші АЭС-тен Франция ұтылатын еді. Өйткені бұл ел өзінің ішкі нарығының 90 пайызын АЭС-тен алады. Бірақ Францияда апат орын алған емес. Қазір АЭС-тің үшінші буыны қолданыста. Бұлар қауіпсіздік тұрғысынан барлық талапқа жауап береді.

ХХ ғасырдың 70 жылдары АЭС-тер көптеп салына бастады. Чернобыль және Фукусимадағы апатты білеміз. Бұл екеуі де АЭС-тің бірінші буыны, Чернобыльдегі апат адами фактор себебімен орын алды. Одан кейін буындар пайда болып, қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Қазіргі реакторлар автоматтандырылған. Сейсмикалық тұрғыда 8-9 баллға дейін шыдайды.

МАГАТЭ жыл бойы АЭС салынған елдерді 4-5 рет ескертіп те, ескертпей де тексеріп тұрады. Бұл – АЭС салушы елдердің жауапкершілігін арттырады.

– Қоғамды қызықтыратын тағы бір сұрақ, отандық атом энергетика саласының ғалымдары мен инженерлері жеткілікті ме?

– Алматы қаласынан 20 шақырым жерде Алатау ықшам ауданында Ядролық физика институты бар. 1957 жылы сол кездегі Ұлттық Ғылым академиясының басшысы Қаныш Сәтбаевтың бұйрығымен ашылған ғылыми институт атом физикасы саласына маманданып, 67 жылдан бері үздіксіз осы сала ғалымдарының тәжірибесін шыңдап келеді. 1967 жылы институт жанынан су-су екі контралды реакторы іске қосылды. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) пен біздің Ядролық физика институтының жұмысы біріздендірілген. 57 жылдан бері атом реакторында қаншама маман жұмыс істеді. Одан бөлек, алыс-жақын шет елдердің АЭС-ның құрылысына атсалысып жатқан отандастарымыз аз емес.

Институт құрамында радиациялық қауіпсіздік, ядролық қауіпсіздік және бүлдірілмейтін бақылау әдістері ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс жүргізеді. Бұл ғылыми орталықтар МАГАТЭ-нің Қазақстандағы орталығы саналады.

– АЭС-тің шикізаты туралы не айтуға болады?

– Бұл жағынан ешқандай проблема жоқ. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ әлемге қажетті уранның 40 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Әрі өнімдерінің сапасы жоғары.

– Сіздің пікір-пайымыңыздан бізге АЭС салу керек дегенді ұғамыз. Солай ма?

– Біріншіден, «Қазатомөнеркәсіп» уранның дайын өнімін өндейді. Екіншіден, Үлбіде уран отынын сақталатын арнайы қоймамыз бар. Үшіншіден, жарты ғасырдан астам уақыт атом реакторлары жұмыс істеп тұр. Төртіншіден, атом саласының ғалымдары бар. Тек бізде бесіншісі жоқ. Ол – АЭС. Қалғанының бәрі бар.

Біріккен Араб Әмірліктерінің мысалын алайық. Арабтар құмның үстінде АЭС салды. Сонда ел бойынша атом энергетикасы бойынша маман іздеп, тек бір адамды табады. Әрі оны жобаны үйлестіруге жауапты етіп тағайындайды. Әмірліктермен салыстырғанда біздің төрт құбыламыз түгел.

 

Сұхбаттасқан Нұрлат БАЙГЕНЖЕ