Әлеумет

Елімізде 550 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды

2024 жылдың қорытындысы бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына 683,7 мың қазақстандық қатысты. 546,9 мың адам жұмыспен қамтылды, оның 358,8 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты, деп хабарлады Elordainfo.kz.   

Субсидияланатын жұмыс орындарына 188,2 мың адам орналастырылды. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарында 15,5 мың адам, жастар практикасында 33,3 мың адам, қоғамдық жұмыстарда 110 мың адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 9,6 мың адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында 420 адам, «Күміс жас» жобасы аясында 19,2 мың адам жұмыспен қамтылды.

Еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 57,7 мың жұмыссыз қамтылды, оның ішінде 52,4 мыңы оқуды аяқтады, - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратында.

Сондай-ақ «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 60,3 мың адам қамтылды, оның ішінде 37,8 мың адам оқуды аяқтап, сертификаттар алды.

Қызмет саласын таңдау мақсатында 214,9 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтті.

Бұдан басқа, жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін 2024 жылы халықтың әлеуметтік осал санаттарына 400 АЕК дейінгі (1 476 800 теңге) мөлшерде 8 941 грант берілді.