Биыл елімізде 269 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды
1 қазандағы жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 269,1 мың адам қамтылды, 607,3 мың қазақстандық жұмысқа орналастырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, субсидияланатын жұмыс орындарына 153,6 мың адам жұмысқа орналасты. Оның ішінде: әлеуметтік жұмыс орындарында 12,7 мың адам, жастар практикасында 21,5 мың адам, қоғамдық жұмыстарда 96,6 мың адам, «Күміс жас» жобасы аясында 17 мың адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 5,6 мың адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы шеңберінде 241 адам жұмыспен қамтылды.
«Еңбек нарығындағы сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 53 мың жұмыссыз қамтылды, оның ішінде 49,1 мыңы оқуды аяқтады.
«Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 45,6 мың адам қамтылды, оның ішінде 25,9 мың адам оқуды аяқтап, сертификаттар алды.
Жұмыс берушілердің өтініші бойынша кәсіптік оқытуға 8 075 адам жіберілді, оның ішінде 2 541 адам оқуды аяқтады. Оқуды аяқтағаннан кейін 1 065 адам жұмысқа орналасты», - делінген хабарламада.
Бұдан басқа, қызмет саласын таңдау мақсатында кәсіптік орталықтарда 304,3 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтіп, кеңес беру қызметтерін алды.
Азаматтарды жұмысқа орналастыру бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылатынын және шын мәнінде жұмысқа орналасқандығы олар үшін міндетті зейнетақы жарналарының аударылуымен расталатынын атап өткен жөн.
Мәселен, 2025 жылғы 1 қазанда 607,3 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде: халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары шеңберінде – 153,6 мың адам; Электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер орналастырған бос орындарға – 142 мың адам; Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы шеңберінде – 283 мың адам; орталық мемлекеттік органдар іске асыратын жобалар шеңберінде – 28,7 мың адам.
Сонымен қатар 2025 жылы халықтың әлеуметтік осал санаттарына жаңа бизнес-бастамаларды жүзеге асыру үшін 400 АЕК-ке дейін (1 572 800 теңге) 9 мың грант беру көзделген. 2025 жылғы 1 қазанда республика бойынша 8 964 грант берілді.