Әлеумет

Биыл 5 мыңнан астам адам ел ішінде қоныс аудару мүмкіндігін пайдаланды

2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша ерікті қоныс аудару шеңберінде жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге 5 213 адам, оның ішінде 1 725 қандас және 3 488 қоныс аударушы көшіп келді. Барлық қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді. Осы жылдың соңына дейін 9 653 адамды көшіру жоспарланып отыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Өңірлер бойынша: Павлодар облысына – 1 886 адам, СҚО – 1 516 адам, Қостанай облысына – 575 адам, ШҚО – 490 адам, Абай облысына – 305 адам, Ақмола облысына – 257 адам, Атырау облысына – 103 адам, Ұлытау облысына - 43 адам, Қарағанды облысына – 38 адам қоныс аударды.

Қоныстану аймақтарына көшкен қандастарымыз негізінен Өзбекстаннан – 612 адам, ҚХР – 563 адам, Моңғолиядан – 377 адам, Ресейден – 84 адам, Түркменстаннан - 49 адам және басқа елдерден – 49 адам келген.

Еңбекке қабілетті жастағы 2 307 адам келгендердің ішінен тұрақты жұмыс орындарына 1 041 адам жұмысқа орналастырылды, 38 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысады.

Қоныс аударушылар мен кандастар денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, білім беру, өнеркәсіп және т.б. салалар бойынша жұмысқа орналасты.

Қоныс аударудың табысты мысалдарының бірі – Құрмешовтар отбасы. Олар өмірлеріндегі оң өзгерістерді атап өтті.

«Біз Маңғыстау облысынан Қостанай қаласына көшіп келдік. 2024 жылдың мамыр айының басында Қостанай қаласындағы мансап орталығына жүгініп, қажетті кеңестер алып, квотаға ену үшін қажетті құжаттар тізімімен таныстым. Аймақтық квотаға енгеннен кейін біз көшуге байланысты материалдық көмек, сондай-ақ тұрғын үй жалдау мен коммуналдық қызметтерге кететін шығындарды өтеу үшін субсидия түрінде мемлекеттік қолдау алдық», – дейді Қанат Құрмешов.

Қанат Құрмешовтің «Ақпараттық жүйелер» мен «Дене шынықтыру және спорт» мамандықтары бойынша жоғары білімі бар. Жаңа мекенге қоныстанған соң, ол Владимир Матвиенко атындағы Олимпиадалық резервтің балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне WKF каратэ бойынша жаттықтырушы болып жұмысқа орналасты.

«Мен – санатсыз, бірақ жоғары деңгейлі жаттықтырушымын, еңбек өтілім – 8 жыл. Жұбайым Ләззат Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы атындағы Маңғыстау индустриалды-техникалық колледжін «Мұнай өнеркәсібі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Өткен жылдың тамыз айында ол «Бастау бизнес» жобасына қатысу үшін «Сақтағанова» ЖК ашып, өз ісін дамытуға арналған грантты сәтті ұтып алды. Ол фитнес-клуб ашты», – деп бөлісті отағасы.

Оның айтуынша, ағымдағы жылы ол да өз кәсібін – кондитерлік цех ашуға 1 572 800 теңге көлемінде грант алған.

«Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау мен ұсынылған мүмкіндіктердің арқасында отбасымыз жаңа ортаға сәтті бейімделіп, өз ісімізді бастауға мүмкіндік алдық. Осы маңызды қадамда бізге қолдау көрсеткен барлық жандарға шын жүректен алғыс айтамыз», – деді Қанат Құрмешов.

Естеріңізге сала кетейік, ерікті қоныс аудару аясында қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдаудың мынадай шаралары ұсынылады:

- отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде көшуге арналған бір реттік субсидия;

- отбасы мүшелері саны мен елді мекенге байланысты 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде 12 ай ішінде тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ай сайынғы субсидиялау;

- қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама;

- жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу;

- экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беру.

Бұдан басқа, өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге тұрғын үймен қамтамасыз етілген және кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылданған әрбір қызметкер үшін 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия беріледі.