Биыл 18 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды
Жыл басынан бері 18 035 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 146,4 мың этникалық қазақ оралды, деп хабарлады Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың 45,4% – Қытайдан, 38,9% – Өзбекстаннан, 6% – Моңғолиядан, 5,8% – Түрікменстаннан, 2,7% – Ресейден және 1,3% басқа елдерден.
Осы жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 57,1%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 33,4%-ды және зейнеткерлер 9,5%-ды құрайды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17,5%-ы жоғары білімді, 25%-ы орта кәсіби білімді, 54,7%-ы жалпы орта білімді, және 2,8%-ының білімі жоқ.
«Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды.Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары. Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 3 033 адамды құрайды. Биылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 2 961 қандас қоныс аударды»,- делінген министрлік хабарламасында.