Бас мүфти Рамазан айында азық-түлік бағасына жеңілдік жасауды ұсынды
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында Рамазан айына орай БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кәсіпкерлерге арнайы үндеу жасады, деп хабарлады Elordainfo.kz Muftyat.kz-ке сілтеме жасап.
«Қадірлі отандастар! Баршаңызды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қасиетті айда ұйымдастыратын қайырымдылық іс-шараларына үлес қосуға шақырамын. Кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына жеңілдік жасауға үндеймін. Рамазан айына тура келген құдайы астарды ауызашар уақытында өткізіп, көбірек сауап алуға тырысайық. Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну да – сауапты істің бірі. Бұл айда тек табысқа кенелуге емес, ең бастысы Хақтың разылығы мен халықтың алғысын алуға асыққан абзал. Дүкендерде күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген тілегімізді жеткіземіз», - деді Бас мүфти.
Айта кетейік, биыл Рамазан айы 1 наурызда басталады. Ал наурыз айының 26-нан 27-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 30 наурыз – ораза айт мерекесі. Қасиетті айда берілетін пітір садақасы 655 теңге болып бекітілді.