Әлеумет

Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі: АЭС - халық игілігі үшін жұмыс істейді

Елімізде АЭС салуға қатысты жалпыұлттық референдумның өтуіне 1 аптадай уақыт қалды. Осы уақыт аралығында еліміздің белгілі ғалымдары мен сарапшылары және энергетика саласының мамандары АЭС құрылысына туралы дәлелді пікір білдіріп жатыр. Осы орайда Қазақстанның  еңбек сіңірген энергетигі Серік Төтебаев елімізге бейбіт атомның қажеттілігіне тоқталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Энергетика саласының ардагері АЭС біздің елімізге қажет деген пікірін айтты. Ол Қазақстан қабылдаған Париж келісімін орындауға, жалпы елімізде энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

«Менің ойымша, атом электр станциясы Қазақстанға қажет. Еліміз 2016 жылғы 2 тамызда БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде Климат жөніндегі Париж келісіміне қол қойды. Ол келісім парниктік газдар шығарындыларын азайтуға және жаһандық температураның 2 градус Цельсийге дейін көтерілуін шектеуге бағытталған заңды түрде орындалуы тиіс халықаралық шарт. Ол климаттың өзгеруімен күресу және оған бейімделу бойынша ортақ мақсатқа жету үшін елдерді біріктіреді. Қазір еліміздегі станциялардың 70% - ға жуығы көмірмен жұмыс істейді және сәйкесінше олар тозып, біртіндеп ауыстыруды қажет етеді,- дейді Серік Төтебаев.

Оның айтуынша, қазіргі атом электр станциялары қауіпсіз. 

«Қазіргі заманғы атом станциялары қауіпсіз, оған әлем елдерінің тәжірибесі дәлел деп айтуға болады. Фукусимадағы апат цунами салдарынан болса, Чернобыль апатына адами фактор әсер еткен. Сонымен қатар онда станция ескі буынды болды. Заманауи атом электр станциясы қауіпсіздік жеткілікті дәрежесі қамтамасыз етеді. Егер референдум жауабы он болған жағдайда, әріқарай құрылыс барысы талқыланатын болады. Бұл процесстің барлығын халықаралық өте беделді ұйым - Атом қуаты халықаралық агенттігі бақылауында болады. Сонымен қатар ол кез-келген уақытта станцияны пайдалану немесе салу кезінде қандай да бір ауытқулар болса, бұл құрылысты тоқтата алады»,- деп түсіндірді сала ардагері. 

Бүгінде АЭС салу орны ретінде Алматы облысындағы Үлкен ауылының аумағы таңдалып отыр. Серік Төтебаевтың айтуынша, жоғары вольтты электр желілері осы жерден өтеді. 

«АЭС тақырыбын талқылағанда неліктен станция Балқаш жағалауында салыну жоспарлануда? деген сұрақ туындайтыны сөзсіз. Себебі, ол Қазақстанның орталығында орналасқан, тарихи тұрғыдан бұл жерде жоғары вольтты желінің барлық нүктелері түйіседі, яғни Оңтүстік Қазақстан қосалқы станциясы (ОҚО ГРЭС) деп аталатын нүктеден өтеді. Ол су қоймасының жағасында орналасқан, сонымен қатар атом станциясын пайдалану коэффициенті өте жоғары және ол базада жұмыс істей алады»,- деді ол. 

Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі елімізде АЭС салынатын болса, мамандар дайындауда қиындық болмайтынын атап өтті. 

«Қазір атом электр станциясы көптеген елдерде халықтың игілігі үшін жұмыс істейді. Бейбіт атом бізге қажет. Бұл өз уақытында Қазақстанға келетін жоғары технология деп айтсақ болады. Егер елімізде АЭС салынатын болса, оған 10-15 жыл уақыт кетеді. Осы уақыт аралығында елімізде атом және физика саласындағы мекеме мен ұйымдарда, одан бөлек жоғарғы оқу орындарында білікті мамандар дайындалады. Қазірдің өзінде елімізде осы саланың білікті мамандары бар. Жалпы құрылыс кезінде еліміздің өзінен және шетелден  тартылатын ғылыми мамандардың барлығы ел халқының игілігі үшін еңбек етеді»,- деді Серік Төтебаев.