Әлеумет

Қазақстандықтардың орташа табысы қанша

2024 жылғы IV тоқсанда медианалық жалақы – 308 717 теңге, ал шағын кәсіпорындарды есепке алмағанда атаулы жалақы – 434 982 теңге. 2023 жылға қарағанда өсім 10,5%, нақты мәнде – 1,8% өсті, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

 

«IV тоқсанда орташа жалақы мөлшерінің өсуі жыл қорытындысы бойынша берілетін қосымша төлемдер мен мерекелік сыйақылар есебінен еңбекақы қорының ұлғаюымен байланысты», - деп жазылған хабарламада.

2023 жылғы тиісті тоқсанмен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең жоғарғы өсімі ақпарат және байланыс – 32,8%-ға, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 22,7%-ға, жылжымайтын мүлікпен операциялар – 20,3%-ға салаларында байқалды. Денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсетуде – 7,6%-ға, білім беруде орташа айлық жалақы – 5%-ға өсті.

«Өңір бойынша 2023 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда 2024 жылдың IV тоқсанында орташа айлық атаулы жалақының ең көп өсуі Алматы және Шымкент қаласында –13,6%-ға, Қарағанды облысында – 13,2%-ға, Солтүстік Қазақстан облысында – 12,9%-ға және Ақтөбе облысында – 12,6%-ды құрады», - делінген хабарламада.

Өңірлер арасындағы орташа айлық номиналды жалақының ең жоғарғы және ең төменгі мәндері арасындағы арақатынас 2024 жылғы IV тоқсанда 2,1 есе болды.