Әлеумет

Қазақстандықтар тұрғын үй сертификаттарын eGov.kz порталынан алатын болады

Ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй сертификаты тұрғын үйге мұқтаж және табыс деңгейі жеткіліксіз отбасыларға беріледі. Сертификат алуға арналған тиісті онлайн-қызмет eGov.kz порталында қолжетімді болды, деп хабарлады Elordainfo.kz «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сертификат Ұлттық Банк бекіткен ипотекалық бағдарлама немесе мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алынған жағдайда беріледі. Тұрғын үй сертификаттарын алушылар санаттарының мөлшері мен тізбесін жергілікті атқарушы органдар айқындайды.

Тұрғын үй сертификаты келесі жағдайларда әлеуметтік көмек ретінде ұсынылады:

 - өтініш берушіде және онымен тұрақты тұратын отбасы мүшелерінде (жұбайы мен кәмелетке толмаған балаларының) соңғы 6 айдағы орташа табысы еңбек және/немесе кәсіпкерлік қызметтен белгіленген шектен аспаса;

 - орташа табыс зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығын және басқа да міндетті аударымдарды есепке алмайды;

 - 23 жасқа дейінгі білім беру мекемелерінде күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын балалар қарауға енгізіледі.

Тұрғын үй сертификатын онлайн алу үшін пайдаланушыға:

- eGov.kz порталына кіріп және «Жылжымайтын мүлік» - «Тұрғын үй қатынастары» бөліміне өту қажет;

- «Тұрғын үй сертификаттарын беру»  тізімінен таңдап, қажетті жолдарды толтыру керек;

- ЭЦҚ көмегімен өтінімге қол қою қажет;

- қызмет нәтижесімен https://kezekte.kz/ сайтына Жеке кабинетте танысуға болады.