Қазақстандықтарға екі жерде жұмыс істесе, айыппұл салына ма
Қазақстандықтарға негізгі және қосымша жұмысты қоса алғанда, 12 сағаттан артық еңбек етуге шектеу қойылмақ. Бұл талап орындалмаса, не болады? Elordainfo.kz тілшісі бұл норма туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен сұрап білді.
«ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ҚР Еңбек кодексіне сәйкес, қазақстандықтар бір уақытта бірнеше жұмыс орнында және әртүрлі жұмыс берушілерде еңбек ете алады, алайда бұл ретте келесі шектеулер сақталуы тиіс: негізгі жұмыста – 8 сағаттан, ал қосымша (қосалқы) жұмыста – 4 сағаттан аспауы керек, яғни барлығы бір тәулікте 12 сағаттан аспауы тиіс», - деді министрліктен.
Еңбек мемлекеттік инспекциясы комитетінің мәліметіне қарағанда, заңдағы бұл норма бұрыннан бар. Бұл жұмысшыларға тым үлкен жүктеме түспеуі үшін, олардың денсаулығын қорғау үшін және отбасылық міндеттерін жұмыспен қатар атқаруға мүмкіндік беру үшін жүргізілген.
Мамандардың айтуынша, қалыпты жұмыс уақытының шегін орындамау заңға қайшы. Сондықтан бұл әкімшілік құқық бұзушылық болып танылады.
Егер азаматтар еңбек инспекциясына 12 сағаттан артық жұмыс істеп жүргені туралы шағымданса, жұмыс берушіге ұйғарым жіберіледі. Яғни мәселе бірінші рет анықталса, жұмыс берушіге ескерту беріледі. Ал бұл заң бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, онда жұмыс берушіге айыппұл салынады.