Әлеумет

Қазақстанда ЖИ негізінде иммунитет жағдайын анықтайтын бірегей платформа іске қосылды

Қазақстанда иммундық жүйенің жағдайын бағалауға арналған бірегей платформа іске қосылды. Отандық ғалымдар әзірлеген инновациялық өнімге шет мемлекеттер де қызығушылық танытып отыр, деп хабарлады Elordainfo.kz Astana Hub баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Инновациялық медицина ғылыми-клиникалық орталығы дәрігерлерінен құралған команданың айтуынша, жобаның негізгі мақсаты халыққа тегін әрі қолжетімді скрининг ұсыну. Платформа жалпы қан анализінің нәтижелеріне негізделген иммунологиялық деректердің кең ауқымын талдайды, жасырын инфекцияларды анықтап, организмнің ауру-сырқауға, екпеге, физикалық жүктемелер мен стресске әсерін бақылауға көмектеседі. Сонымен қатар иммунитетті қалыпта ұстап, нығайту үшін ұсынымдар береді.

«Платформаны әзірлеуге 8 жылдан астам уақыт жұмсадық. Осы уақыт ішінде 4 авторлық құқық алып, сауда маркасын тіркеп қана қоймай, платформаның құрылымын қайта қарап, жасанды интеллект кіріктірдік. Биыл шілдеде өнімді өндіріске сәтті енгізіп, белсенді қолданып жатқан клиникалар мен емханаларда жақсы көрсеткіштер байқап отырмыз. Платформа ұсынған нәтижелердің дәлдігі орташа есеппен 98,7%-ды құрайды. Мұның тәжірибе мен ғылыми тұрғыда дәлелі бар», – деді ImmuniGuide негізін тең қалаушы, медицина ғылымдарының докторы, дәрігер-онколог Нұрлыбек Өдербаев.

Жобаның басты артықшылығы – медициналық деректерді жоғары жылдамдықпен және дәлдікпен өңдей алатын жасанды интеллект, бұл егжей-тегжей жекелендірілген есептерді кез келген тілде ұсынуға мүмкіндік береді.

Отандық өнім денсаулық сақтау саласын жақсарту үшін жоғары әлеует көрсетіп, халықаралық алаңға шығуға дайын екенін танытты. Жоба шет елдерде қызығушылық тудырды. Атап айтқанда, Малайзия тарапымен платформаны сол аймақта сынақтан өткізу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Алдағы уақытта технология аясын кеңейтіп, Азия, Еуропа мен АҚШ елдеріне енгізу жоспарланып отыр.