Әлеумет

Қазақстанда репродуктивтік денсаулық апталығы басталды

12-16 мамыр аралығында елімізде репродуктивтік денсаулық апталығы өтеді. Бұл кең ауқымды ақпараттық-ағартушылық науқан ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен ұйымдастырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жобаның негізгі әріптестері – Денсаулық сақтау министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар. 

Жоба халықтың репродуктивтік денсаулығы, инфекциялық аурулардың профилактикасы, отбасы жоспарлау және жауапты ата-аналық мәдениетін қалыптастыру мәселелері жөніндегі білімін арттыруға бағытталған.

Негізгі назар жастарға, репродуктивтік жастағы әйелдер мен ерлерге, сондай-ақ ата-аналарға бөлінетін болады.

Бес күн бойы еліміздің барлық өңірінде келесі іс-шаралар өтеді:

• Емханалар мен Жастар денсаулығы орталықтарында Ашық есік күндері өткізіліп, мамандардан тегін консультация алуға болады;

• Жасөспірімдер, жастар және ата-аналар үшін отбасын жоспарлау, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың (ЖЖБИ) және адам папилломасы вирусының профилактикасы тақырыптарында дәрістер, семинарлар мен шеберлік сабақтары өтіледі;

• әйелдер мен ерлерге бала сүюге дейінгі даярлық және АИТВ инфекциясына тестілеу бойынша консультация беріледі;

• БАҚ пен әлеуметтік желілерде медицина қызметкерлері, тиісті сала мамандары (гинекологтар, урологтар, дерматовенерологтар, репродуктологтар және т.б.) қатысатын ақпараттық науқандар өтеді;

• мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында арнайы сабақтар мен сыныптан тыс іс-шаралар ұйымдастырылады;

• Жасөспірімдердің репродуктивтік денсаулығын сақтау мәселелеріне ата-аналарды тарту бойынша жұмыс жүргізіледі.

Аптаның әрбір күні нақты бір тақырыпқа арналады:

• 12 мамыр – Отбасын жоспарлау;

• 13 мамыр – Әйелдер денсаулығы;

• 14 мамыр – Ерлер денсаулығы;

• 15 мамыр – Жастардың репродуктивтік денсаулығы және ЖЖБИ-ге қарсы іс-қимыл;

• 16 мамыр – Адам папилломасы вирусы.

Іс-шаралар келесі хэштегтермен жарияланады: #СалауаттыҰрпақ2025, #ЗдоровоеПоколение2025, #RepHealth2025, #SalauattiUrpaq2025.

Іс-шаралар туралы толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алуға болады: rephealth.kz.

Жобаның шеңберінде басты назар жасөспірімдер мен жастарға аударылады – дәл осы жас кезеңінде бүкіл өмірге әсер ететін әдеттер қалыптасады. Денсаулық сақтау министрлігі халықтың репродуктивтік денсаулығын жақсартуға бағытталған бірқатар бағдарлама мен жобаны іске асыруда.

Өңірлерде 103 Жастар денсаулығы орталығы жұмыс істейді, 2026 жылға дейін балалар гинекологиясын дамыту жөніндегі Жол картасы бекітілді.