Қазақстанда борышкерлерді енді көшедегі камералар арқылы анықтауға болады
Қазіргі таңда Бас прокуратураның «Цифрлық бақылау» жүйесі арқылы қарызын төлеуден жалтарып жүрген азаматтарды тек қала көшелері мен қоғамдық орындарда емес, сондай-ақ әуежайларда, теміржол және метро нысандарында, әлеуметтік маңызы бар ғимараттарда да анықтау мүмкіндігін іске қосты, деп хабарлады Elordainfo.kz Әділет министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әділет министрлігі, Жеке сот орындаушыларының Республикалық палатасы және Бас прокуратура бірлесіп, борышкерлерді анықтаудың тетіктерін дамыту бойынша «Цифрлық бақылау» жүйесі мүмкіндіктерін кеңейтті.
Мәліметтерге сәйкес, 2024 жылдың қаңтар айынан іздеуде жүрген борышкерлер саны 4 560 адамды құрады. Оның ішінде 2 118 тұлғаның тұрғылықты мекенжайлары анықталып, жалпы анықтау көрсеткіші 39,3% болды.
«Сонымен қатар борышкерлер халыққа қызмет көрсету орталықтарында мемлекеттік қызметтерді алу кезінде немесе әуе және теміржол билеттерін сатып алу барысында деректер базасы арқылы автоматты түрде бет-бейне сәйкестендіру арқылы анықталуда», - делінген хабарламада.
Бұған қоса, аталған жүйе арқылы борышкерлерге тыйым салынған автокөліктерді іздестіру мүмкіндігін іске асыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағыттағы шаралар Бас прокуратура, Әділет министрлігі және Жеке сот орындаушылардың Республикалық палатасының өзара ынтымақтастығы аясында жүзеге асырылуда.
Министрліктің мәліметінше, қалалық бейнебақылау камералары мен жасанды интеллект құралдарының көмегімен анықталған, пайдалануға тыйым салынған көліктер полиция қызметкерлерінің қатысуымен тоқтатылып, арнайы бекітілген тұрақтарға жеткізіледі. Одан әрі заң талаптарына сәйкес, сот актілерін толық әрі уақтылы орындауды қамтамасыз етеді.
Аталған шаралар өндіріп алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, сондай-ақ сот шешімдерінің орындалу тиімділігін арттыруға бағытталған.
Нұрдәулет Кәкіш