Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылады
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева еліміздің әр өңірінде балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылатынын мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Динара Зәкиева бұл туралы Instagram желісіндегі ресми парақшасында жазды.
«Құрметті достар! Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы ең басты жаңалық – облыстарда Балалардың құқықтарын қорғау басқармалары, ал аудандарда бөлімдері құрылмақ. Бұл бастаманы жүзеге асыру үшін Мемлекет басшысының балаларды қорғау жүйесін күшейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес біз Мемлекеттік кеңесші Ерлан Кариннің, Президент Әкімшілігінің қолдауымен, Ішкі саясат бөлімі мен Бала құқықтарын қорғау комитетімен бірлесіп бір жыл бойы жұмыс істедік», - делінген Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің желідегі жазбасында.
Айтуынша, Үкімет әкімдіктер құрылымында Балалардың құқықтарын қорғау басқармасын құру туралы ұсынысты қолдады.
«Жаңа басқармалар Білім басқармасынан қорғаншылық, және қамқоршылық органдарын бөліп шығару арқылы құрылады (заңдағы жаңа 5 мың балаға 1 қызметкер нормативіне сәйкес, енді жарты миллион балаға бұрынғыдай 5-8 адам емес, 100 қызметкер болмақ). Осылайша республикалық бюджеттен қаржы бөлудің қажеті жоқ», - дейді Динара Зәкиева.