Әлеумет

«Қазақстан халқына» қоры балаларға арналған 25 оңалту орталығын ашпақ

«Қазақстан халқына» қоры ел өңірлерінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған 25 оңалту орталығын ашуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Қазақстан халқына» ҚҚ басқарма төрағасы Болат Жәмішев айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Әлеуметтік қолдау саласында Қор жалпы 29 жобаны іске асыруда. Қор облыстық және аудандық оңалту орталықтарын құру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр.

«Біз ауылдық жерлерде 5 облыстық оңалту орталығы мен 4 аудандық оңалту орталығын аштық. Біз 25 оңалту орталығының ашуды жоспарлап отырмыз», - деді Болат Жәмішев.

Сонымен қатар, спорт және мәдениет саласында 14 бағдарлама мен жоба іске асырылуда. Батыс Қазақстан облысында 25 ауылдық кітапхананы жаңғырту және оларды ауылдық коммуналдық орталықтарға айналдыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Шалғайдағы елді мекендерде 100 спорт залы ашылды. Биыл ауылдық жерлерде ангар үлгісіндегі 40 спорт залын салу жоспарланған.

Сондай-ақ, Қор су тасқыны салдарынан зардап шеккен отбасылар үшін 5 өңірде 627 үй салуды қаржыландырды.

«Атырау облысында біз салған шағын аудандардың бірін жергілікті тұрғындар Қазақстан халқына деп атады», – деді спикер.