Әлеумет

«Су қоймасы 500 мың адамға арналған»: Астанада ауыз су мәселесі қалай шешіледі

Үкімет сағатында мәжіліс депутаты Павел Казанцев Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне елорданы сумен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты сұрақ қойды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Астана әлі күнге дейін жалғыз су қоймасынан су алады. Ол 1969 жылы салынған және 500 мың адамға арналған. Сумен жабдықтау кезіндегі үзілістер мен су тазарту құрылыстарының қуаттылығының жеткіліксіздігі болғаны әлі де елордалықтардың есінде. Тұрғын үй құрылысының қарқынын ескерсек, мәселе  ушыға береді. Сонымен қатар, Астананы сумен қамтамасыз етудің резервтік көзі әлі жоқ екені белгілі. Астананы сумен жабдықтау мәселесін қалай шешу жоспарлануда?»,- деді Павел Казанцев. 

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің вице-министрі Қуандық Қажкеновтың сөзінше, бүгінде қалада ауыз су тапшылығы жоқ.

«2023 жылдың соңында Астанада №3 сүзгі сорғы станциясы пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда суды тәуліктік тұтыну 350 мың текше метрді құрайды, ал жұмыс істеп тұрған үш сүзгі станциясының қуаты 410 мың текше метрді құрайды. Яғни, бүгінгі күні су тапшылығы жоқ»,- деді Қуандық Қажкенов.

Вице-министр бүгінде елорданы сумен қамтамасыз етуге бағытталған үш жаңа жоба пысықталып жатқанын айтты.

«Бірінші жоба - тәулігіне 200 мың текше метр суды қосымша қамтамасыз ететін №4-ші сорғы-сүзгі станциясы мен Сәтбаев атындағы су құбырының құрылысы. Екінші жоба – Нұра жерасты суларынан суағар құрылысы жүріп жатыр. Ол бойынша да тәулігіне 38 мың текше метр қосымша су келеді деп жоспарланып отыр. Жобалық-сметалық құжаттама дайын, мамыр айында кешенді сараптамаға жібереміз. Жобаның болжамды құны –  56 млрд теңге. Үшінші жоба – қазір әзірлену үстінде, Тельман сорғы станциясынан техникалық суағар арнасын салу. Жоба құны 17,6 млрд теңгеге бағаланып отыр. Биыл жергілікті бюджеттен 3,2 млрд теңге бөлініп қойды.  Мұның бәрі болашақта елордамыздың жоғары даму қарқынын ескере отырып, қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Су тапшылығы болмайды»,- деді ол.