Астаналық құтқарушылар ата-аналарға маңызды үндеу жасады
Астанада жаз мезгілінің басталуымен балалардың терезеден құлау жағдайлары жиілеп кетті. Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті ата-аналарға үндеу жасап, қауіпсіздік ережелерін еске салды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
ТЖД мәліметінше, 2024 жылы елордада осындай 38 жағдай тіркелген, ал 2025 жылдың алғашқы алты айында бұл көрсеткіш 60-қа жеткен.
«Балалардың терезеден құлауының басты себебі – ата-аналардың оларды қараусыз қалдыруы. Бала терезеден бірнәрсе көріп, соған ұмтылады, бірақ өзінің биікте тұрғанын түсінбейді, құлап кетеді», - дейді қалалық ТЖД №5 өрт сөндіру бөлімшесінің командирі Айдар Безруков.
Ата-аналар кішкентай балаларды бір сәтке де қараусыз қалдырмауы тиіс.
Москит торына сенуге болмайды. Баланың өз бетінше терезені аша алмайды деп ойлауы – қате түсінік.
Сондай-ақ терезе маңына жиһаз қоюға және балаларға терезе алдына шығуға рұқсат беруге болмайды. Оларға ашық терезенің жанында ойнау қауіпті екенін тұрақты түрде ескертіп отыру қажет. Балалардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету үшін сапалы әрі сенімді торлар, құлыптар және терезе тұтқаларына арналған арнайы бекіткіштер орнату керек.
«Қызметкерлер пәтерлерді аралап, азаматтарға балаларды терезеден құлап кетуден қалай қорғауға болатынын түсіндіреді. Ата-аналарға арнайы темір торлар орнатуды ұсынады. Менің ойымша, темір торлар – ең сенімді қорғаныс құралы. Өз тәжірибемде балалардың биіктен құлау жағдайлары жыл сайын дерлік кездесіп отырады», - дейді Айдар Безруков.