Әлеумет

Астанада адам саудасына қарсы күрес мәселелері талқыланды

Астанада Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күніне орайластырылған Адам саудасына қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 46-шы отырысы өтті. Орталық мемлекеттік органдар, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өткен шараны ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай жүргізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Отырысқа ішкі істер, денсаулық сақтау, білім, сыртқы істер және әділет министрліктерінің, Бас прокуратураның, ҰҚК Шекара қызметінің, барлық облыс әкімдіктерінің, Халықаралық көші-қон ұйымының, ЕҚЫҰ және адам саудасы құрбандарымен жұмыс істейтін қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Шара гибридтік форматта өтті. Қатысушылар жәбірленушілерге, оның ішінде кәмелетке толмағандарды қоса алғанда әлеуметтік қызмет көрсету, құқық бұзушылықтың алдын алу және ескерту, сондай-ақ бекітілген қызметтер тізбесі негізінде медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру мәселелерін қарастырды.

«Адам саудасы адам құқықтарын бұзудың ең ауыр түрлерінің бірі болып қала береді. Бұл қылмыс адамдардың өмірін жойып, әлеуметтік негіздерге нұқсан келтіреді. Қазақстан халықаралық келісімдердің, соның ішінде Палермо хаттамасының қатысушысы ретінде адам саудасының алдын алу және оған қарсы күрес, сондай-ақ құрбандарға жан-жақты қолдау көрсету жөніндегі өз міндеттемелерін дәйекті түрде жүзеге асырады. 2024 жылы «Адам саудасына қарсы күрес туралы» заңның қабылдануы осы бағыттағы маңызды қадам болды», - деп сөз бастады Виктория Шегай.

Қатысушылар құрбандарды анықтау және оларға жан-жақты қолдау мен көмек көрсету мәселелеріне ерекше назар аударды. Барлық деңгейде үйлестіруді күшейтіп, мамандардың біліктілігін арттыру қажеттігі айтылды.

ХКҚҰ мен ЕҚЫҰ өкілдері құрбандармен жұмыс істеуге мамандарды дайындау және ақпараттық науқандарды ұйымдастыру бойынша бірлескен жобалар арқылы Қазақстанға адам саудасына қарсы күрес саясатын жүзеге асыруда қолдау көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді.

Отырыс қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдарға өңірлерде ведомствоаралық кеңестер, дөңгелек үстелдер мен танымдық іс-шаралар өткізу ұсынылды. Барлық ұсыныстар қорытынды хаттамаға енгізілді және адам саудасына қарсы күрестің ұлттық жүйесін одан әрі дамытуға негіз болады.

Айта кету керек, мемлекет адам саудасынан зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандартына сәйкес адам саудасының құрбандарына қызметтердің кепілдік берілген көлемі көрсетіледі: әлеуметтік, медициналық, психологиялық, педагогикалық, құқықтық, еңбек және мәдени.

Қызмет көрсету мерзімі 6 айды құрайды, қажет болған жағдайда 9 айға дейін ұзарту мүмкіндігі қарастырылған.

Қызметтер төрт облыстағы (Астана қаласы, Ақмола, Ақтөбе және Қызылорда облыстары) алты уақытша тұру орталығында көрсетіледі. Аталмыш көмек ересектерге де, кәмелетке толмағандарға да, оның ішінде заңды өкілдері болмаған кезде еріп жүретін балаларға да көрсетіледі.

Адам саудасы құрбандары уақытша орналастыру ұйымдарына тікелей немесе ішкі істер, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау органдары арқылы жүгіне алады. Сәйкестендіру процесін полиция қызметкерлері, әлеуметтік қызметкерлер және психологтар кіретін пәнаралық комиссия жүзеге асырады.

Сонымен қатар республиканың 18 өңірінде адам саудасына қарсы күрес жөніндегі өңірлік комиссиялар бекітілген, бұл жергілікті деңгейде ведомствоаралық жұмысты ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Алматы қаласы мен Жамбыл облысында комиссияларды бекіту процесі шешуші сатыда.

2024 жылдың соңына қарай адам саудасының 247 құрбаны анықталды және қарастырылды, оның ішінде 118-і ер адам, 75-і әйел және 54 бала бар. Олардың 114-і – шетел азаматтары.

2025 жылы 1 мамырдағы жағдай бойынша 58 зардап шеккендер (ерлер – 29, әйелдер – 19, балалар – 10), оның ішінде 30 шетел азаматтары тіркелді, - делінген хабарламада.