Ассамблея және билік органдары өзара тығыз байланыста болуға тиіс – Президент
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессияда Ассамблея қызметіне белсене атсалысу баршаға ортақ міндет екендігін айтты, деп хабарлады Elorda.info.
Партияларды ортақ іске жұмылдырудың тағы бір маңызды жолы – Парламентте депутаттық бірлестік құру.
-->Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессияда Ассамблея қызметіне белсене атсалысу баршаға ортақ міндет екендігін айтты, деп хабарлады Elorda.info.
Ассамблеяның саяси партиялармен және мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынасын күшейту керек. Бұл жұмысты орталықта және аймақтарда жүргізген жөн. Біз ауқымды саяси реформалардың нәтижесінде шынайы пікір алуандығына қол жеткіздік. Әрине, әр саясаткердің өз пікірі болуы орынды.
Елімізді дамыту, күнделікті мәселелерді шешу туралы көзқарастар үнемі бірдей бола бермейді. Бұл – түсінікті. Алайда ел бірлігін сақтауға келгенде біз жұдырықтай жұмыла білуіміз керек. Этносаралық келісім саясатында сөз бен іс бір жерден шығуға тиіс.
Ассамблея саяси партиялармен ақылдасып, кеңесіп отыруы қажет. Сонда бірлігімізді нығайтамыз. Этносаралық қатынасқа қатысты кез келген арандатудың жолын кесеміз, - деді Президент.
Партияларды ортақ іске жұмылдырудың тағы бір маңызды жолы – Парламентте депутаттық бірлестік құру.
Ассамблеядан сайланған бес сенатор бұл шаруаның басы-қасында жүруі керек. Этносаралық қатынас саласындағы өзін өзі басқару институттарын дамыту – маңызды міндеттің бірі. Ассамблея бұл жұмысты этномәдени бірлестіктердің қызметін үйлестіру арқылы атқаруда.
Осында министрліктердің, мекемелердің, аймақтардың, Парламенттің және Президент Әкімшілігінің басшылары отыр. Олардың көпшілігі – Ассамблея мүшесі. Ассамблея қызметіне белсене атсалысу – баршаңызға ортақ міндет. Ассамблея да әкімдіктер мен мәслихаттардың жұмысына атсалысуы қажет. Бір сөзбен айтқанда, Ассамблея және билік органдары өзара тығыз байланыста болуға тиіс. Мұның айрықша мәні бар.
Құзыреттерді жоғарыдан төменге беру ісінде осы мәселені ескерген жөн. Мемлекеттік орган басшылары Ассамблея өкілдерімен тұрақты кездесіп отыруы қажет. Мұндай кездесулер кем дегенде жарты жылда бір рет өткізілуі керек, - деді Қ.Тоқаев.