Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдардың 90%-дан астамы лицензия алды
Азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызметтер (бұдан әрі – АӘҚ) көрсететін субъектілерді лицензиялау процесі аяқталуға жақын. 19 мамырдағы жағдай бойынша АӘҚ көрсетушілердің 92%-ы лицензия алды, деп хабарлады Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Лицензия алудың негізгі шарттарының бірі: санитарлық нормалар мен өрт қауіпсіздігі ережелеріне сәйкес келетін АӘҚ көрсетуге жарамды ғимараттың болуы; қажетті материалдық-техникалық базаның және қызметкерлер құрамының болуы; халықтың аз қозғалатын топтары үшін ғимараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету және басқалар.
Бүгінде филиалдар мен бөлімшелерді қосқанда, 530 лицензия берілді, бұлар бүкіл ел бойынша 92,8 мың адамға қызмет көрсетілетін 548 ұйым немесе көрсетілетін қызметті алушылардың 97% - ы.
Лицензия беруден бас тартудың негізгі себептері: материалдық-техникалық базаның, штаттық нормативтердің, медициналық лицензияның кіші түрлерінің сәйкес келмеуі және өрт қауіпсіздігі бойынша тексеру актісінің не аудит қорытындысының болмауы болып табылады.
Осылайша, бастапқыда лицензиялауға жататын 587 субъектінің 384-де қажетті материалдық-техникалық база болмаған, ал кейбір жағдайларда тіпті жабдықтар мен жиһаздардан тек кілемдер мен дивандар болған.
Жергілікті атқарушы органдар АӘҚ ұсынатын мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарды белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келтіру жөніндегі жұмысты жалғастыруда. Мәселен, Республика бойынша АӘҚ көрсететін 55 ұйымға материалдық-техникалық жарақтандыру, мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділік, алаңды кеңейту (жаңа ғимараттар салу) бөлігінде сәйкестікті қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттер мен демеушілер қаражаты есебінен 8 млрд 708 млн теңгеден астам қаражат бөлінді, қосымша 928,6 млн теңге бөлу жоспарлануда.
Лицензия беруден бас тартқан ұйымдар белгіленген талаптарға сәйкессіздіктер жойылғаннан кейін лицензиялауға қайта өтініш бере алады.