Алимент бойынша борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды
Ақмола облысында Біржан Сал ауданы прокуратурасының бастамасымен кәмелетке толмаған балаларды асырауға алимент төлеуден қасақана жалтару бойынша қылмыстық іс тіркелді, деп хабарлады Elordainfo.kz облыстың прокуратурасына сілтеме жасап.
Атап айтқанда, борышкер 7 жылдан астам алимент төлеуге нақты мүмкіндігі бола тұра, өз міндеттерін орындау үшін шаралар қабылдамай, әрекетсіз болған. Нәтижесінде борышкердің қарызы 1 млн теңгеден асты. Соттың үкімімен борышкер ҚК 139 бабы бойынша кінәлі деп танылып, 1 жыл мерзімге бостандығын шектеу жазасына және 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тарту жазасына кесілді.
«Алимент жөніндегі міндеттерін үш айдан астам орындамағаны үшін екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру және 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаға тартылатындығын еске саламыз», - деп жазылған хабарламада.