Алаяқтардың құрбаны болмас үшін не істеу керек
2024 жылы жасалған әрбір екінші қылмыс алаяқтық болды, мұндай істер бойынша 787 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олар зардап шеккендерге жалпы сомасы 27,5 миллиард теңге шығын келтірген. Бұл статистиканы Астана қаласы прокуратурасының прокуроры Нұрислам Балтабеков Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте келтірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Киберқылмыс жасау әдістері әртүрлі. Қылмыскерлер ақшаны алдын ала төлеу, онлайн несие алу және банктік шоттарға, электрондық поштаға және әлеуметтік желілерге кіру үшін жеке деректерді алуға бағытталған әлеуметтік инженерия әдістерін пайдаланады», - деп атап өтті прокурор.
Алаяқтықтың ең көп тараған түрлерінің бірі – мемлекеттік немесе банк қызметкерлері атын жамылған жалған қоңыраулар. Олар шоттар бойынша күдікті операциялар жасалып жатқаны туралы айтып, үрейге түсіреді.
Алаяқтар азаматтардың деректерін жинау үшін фишинг сайттарын да жасайды.
Мысалы, WhatsApp мессенджеріне фишинг сайтына сілтемесі бар «конкурста туысқаныңызға дауыс беруіңізді» сұрайтын хабарлама келуі мүмкін. Көрсетілген сілтемені бассаңыз, алаяқтар жеке деректерге қол жеткізе алады және банк шотында жатқан ақшаны қағып алуы мүмкін.
Инвестициялық алаяқтар – бұл қызығушылықты оятуды, өзіне баурап алып, ақшасын аударуға дейін сендіретін психологтар.
«Алдау үшін көбінесе мұндай алаяқтар банктер мен брокерлік компаниялардың ресми веб-сайттарына ұқсас веб-сайттар жасайды. Оны әлеуметтік желіде жалған адамдардың атынан жариялайды немесе сауатты экономист ретінде әрекет етеді, кірісі жоғары күдікті транзакцияларды жарнамалайды. Мұндай алаяқтық схемалар бір-біріне қатты ұқсайды. Олар жылдық 30%-дан 250%-ға дейін және одан жоғары табысты уәде етеді. Бұл ретте алаяқтар салған қаражаттың бір бөлігін азаматтарға дивиденд ретінде қайтарып, сенімін нығайтып, оларды үлкенірек инвестиция салуға қызықтырады.
Қазіргі уақытта алаяқтар белсенді түрде қолданатын Instagram желісіндегі онлайн-дүкендер барған сайын танымал бола бастады. Олар бағасы біршама арзан жалған дүкендер құрып, алдын ала төлем алған соң жоғалып кетеді», - деп ескертті спикер.
Интернеттегі алаяқтықтың тағы бір түрі – зиянды сілтемелер арқылы WhatsApp-ты бұзу.
Енді жасанды интеллект көмегімен алаяқтар азаматтардың таныстарының немесе туыстарының дауысын қолдан жасап, көмек сұрап хабарласады.
«Елордалық прокуратура азаматтарды интернет-ресурстарды пайдалану кезінде сақ болуға шақырады. Атап айтқанда: gov.kz сайтында онлайн несиелер мен микрокредиттерді алудан ерікті түрде бас тарту функциясын қосуды ұсынамыз; онлайн сатып алу кезінде төлем жасауға асықпаңыз, сатушылар мен веб-сайттарды мұқият тексеріңіз; бейтаныс адамдардың күдікті сілтемелерін ашпаңыз; қиын парольдер және екі факторлы аутентификацияны қолдану; ешқашан бейтаныс адамдарға банк картаңыздың деректері мен құпия сөздеріңізді бермеңіз. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен екінші деңгейлі банктер ешқашан азаматтардан жеке мәліметтерді сұрамайтынын есте ұстаған жөн; ең алдымен интернеттегі ақпаратты мұқият тексеріңіз», - деп кеңес берді прокурор.
Егер сізге белгісіз біреулер күмәнді қоңырау шалса, нөмірдің алаяққа тиесілілігін тексеру үшін арнайы ботты (+7-747-680-02-10) пайдалана аласыз.
Айта кетейік, бұған дейін алаяқтардан қорғану үшін телефон арқылы несие рәсімдеуге тыйым салуға болатындығын жазғанбыз.