Әлеумет

Айдос Сарым: Бишімбаев кейсінің қоғамда талқылануы жақсы үрдіс

Өткен аптада елімізді дүр сілкіндірген қайғылы оқиғаны қоғамның айыптауы жақсы үрдіс. Бұл біздің қоғамда қылмысқа төзбеушіліктің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Мәжіліс депутаты Айдос Сарым осылай деді, деп хабарлады Elorda.info.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Айдос Сарымның айтуынша, бұл оқиғаның әлеуметтік желіде де отбасында да айтылып, айыпталып жатуы біздің қоғамда қылмысқа төзбеушіліктің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. 

Сол оқиға кезінде мейманхананың топ менеджері қылмысты жасыруға тырысты деген ақпарат тарады. Мұнда ағайындылардың арасындағы жақсы қатынас маңызды ма, әлде адам өмірі маңызды ма деген сұрақ туындайды. Оның ар жағында тәрбие деген мәселе бар, заң бар. Бірақ мынадай ортағасырлық тағылыққа бару менің ойымша елімізге абырой әкелмейді. Мемлекет басшысы заң адамның жеке басына, шыққан тегіне байланысты емес, бәріне тең қолданылуы керектігін баса айтты. Сондықтан әр адам заңға бағынуды алдымен өзінен, өз отбасынан бастауы керек, - деді Айдос Сарым. 

 Алдағы уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жауапкершілік Қылмыстық Кодекске енгізілуі мүмкін. Мәжілісмен тиісті заңға өзгеріс жобасы жұмыс тобында қаралып, жыл соңына дейін қабылданатынын айтты.