Әлеумет

«Аңсаған сәби» бағдарламасының көмегімен дүниеге келген сәбилер мен ата-аналары бас қосты

1 маусым күні Астанада «Аңсаған сәби» бағдарламасының көмегімен ата-ана атанған отбасылар мен 100-ден астам кішкентай бүлдіршіндердің қатысуымен фестиваль өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz «Мариям Қазақстан» қайырымдылық қорына сілтеме жасап.

Арнайы квотаның көмегімен дүниеге келген сәбилердің Астанада бас қосуы кездейсоқтық емес. Себебі бөлінген квота бойынша жақсы нәтиже көрсеткен орталықтардың көшбасында «Экомед Астана» ұжымы тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске қосуды тапсырған болатын. Нәтижесінде экстракорпоральды ұрықтандыруға бөлінетін квотаның саны 7 мыңға дейін артқан. Осылайша мыңдаған отбасы бала сүю бақытына ие болуда. Еліміздің демографиялық ахуалының дамуында, отбасылық институттың нығаюында «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасының маңызы зор.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, мемлекеттік квотаның көмегімен 2021-2023 жылдар аралығында 21000 пациентке ЭКҰ жасалып, олардың 8000 жүктілік бойынша есепке тұрды, 7000 сәби дүниеге келді.

Сонымен қатар «Экомед Астана» орталығы танымал тележурналист Ләйлә Сұлтанқызы құрылтайшысы болған «Мариям Қазақстан» қайырымдылық қорымен тығыз серіктестік байланыста. Қордың негізгі мақсаты – «Аңсаған сәби» мемлекеттік квотасына түрлі жағдайларға байланысты іліне алмайтын отбасыларға тегін ЭКҰ жасау болатын. Бұл жолда серіктестер талмай еңбек етіп келеді.

Жалпы 40 пациент «Мариям Қазақстан» қайырымдылық қорының тікелей бақылауында болды. Қор аясында 20 келіншек босанды: дүниеге 7 қыз, 13 ұл бала келді.

Бүгінгі іс-шараға да «Мариям Қазақстан»ҚҚ емделушілері өз алғыстарын Ләйлә Сұлтанқызына және дәрігерлеріне айтып келді. Олардың ішінде Мөлдір Бүркітбаева және Бақытгүл Зарықхан да бар. Мөлдір аңсаған сәбиін 7 жыл күткен. Қордың демеуінің арқасында алғашқы ЭКҰ тасымалы сәтті болып, 14.08.2024 жылы дүниеге Ләйлә Қанатқызы келді. Есімі Ләйлә Сұлтанқызының құрметіне қойылды. Бұл Қанат пен Мөлдірдің Қордың негізін қалаушысына деген кіршіксіз алғыстары. Ал Аркен мен Бақытгүл үшін бедеулік диагнозын жеңу оңай болмады. Олар өте ұзақ күресті. 6 рет сәтсіз эмбрион тасымалынан кейін 7-мүмкіндік қана сәтті нәтиже берді. Бүгін кішкентай Жанасыл батыр да өзінің дүниеге келуіне атсалысқан жандарға алғысын айту үшін арнайы Қарағында қаласынан келді.

“Ниетіміз: игі бастаманың жемісі, еліміздің болашағы - кішкентай бүлдіршіндердің және олардың жақындарының риясыз алғысын Президент мырзаға жеткізу, мемлекеттің ел азаматтарының болашағы мен бақыты жолында атқарып жатқан еңбегін бағалау”, - делінген «Мариям Қазақстан» қайырымдылық қорының хабарламасында.