Тікұшақ штурвалына алғаш рет 19 жасымда отырдым – әуе кемесін тізгіндеген нәзік жанды (ВИДЕО)
Қайсарлығы мен нәзіктігі жарасқан әйел заты ешбір саланы жатсынбайды. Олардың үйдегі шаруадан бөлек, түздегі тірлікті дөңгелетіп әкетіп жүргені рас. Еңбекті ерлермен қатар атқарып, ауыр жұмысқа білек сыбана кіріседі. Ми-8 тікұшағының екінші ұшқышы қауіпті мамандықты таңдаған 24 жастағы Бибіхан Тұрысбековаға Elorda.info тілшісі хабарласып, бұл салаға қалай келгенін сұрап білді.
Тікұшақты басқару ұшаққа қарағанда ауыр. Ептілігі басым ержүрек қыз тікұшақ тізгіндеуге неге құмартқанын айтып берді.
Өте қауіпті мамандықты таңдаған Бибіханның тікұшақ тізгіндегеніне әуеліде жақындары сенбеген екен.
Ол өзінің жұмыс кестесі мен жұмысы жайлы толығырақ айтып берді.
«Ең алғашқы ұшағыңыз есіңізде ме? Қашан қалай ұштыңыз?» деп сұрағанымызда, кейіпкеріміз көз жасына ерік берді. Уақытты кері айналдырып, сол сәтке қайта оралғандай болды. Осыдан-ақ алғашқы штурвалға отыру сәті естен кетпес әсер сыйлағанын байқадық.
Тікұшақ тізгіндеген бойжеткеннің осы бір нық қадамдарынан өзіне деген сенімділігі сезіліп тұрды.
Жаны нәзік жаратылыс иесі өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқаруды басты орынға қояды. Өзінің арманын да осы саламен байланыстыруы қызметіне деген адалдығы десе де болады.
Кейіпкеріміз өзін алаңдататын қазіргі авиация саласының мәселелеріне де тоқталып өтті.
Аяулым АЛТЫНБЕК
-->Қайсарлығы мен нәзіктігі жарасқан әйел заты ешбір саланы жатсынбайды. Олардың үйдегі шаруадан бөлек, түздегі тірлікті дөңгелетіп әкетіп жүргені рас. Еңбекті ерлермен қатар атқарып, ауыр жұмысқа білек сыбана кіріседі. Ми-8 тікұшағының екінші ұшқышы қауіпті мамандықты таңдаған 24 жастағы Бибіхан Тұрысбековаға Elorda.info тілшісі хабарласып, бұл салаға қалай келгенін сұрап білді.
5 сыныпта оқып жүрген кезімде бортсерік боламын деп армандап жүргенмін, бірақ 9-10 сыныпта сыныптасым ұшқыш мамандығы бар дегенде ойым өзгеріп, көңілім осы мамандыққа ауды. Аспанда ұшу – бала кездегі арманым! Отбасымда осы уақытқа дейін авиация саласына қатысы бар адам болған емес. 2016 жылы мектеп бітіріп, Азаматтық авиация академиясына оқуға түстім. Оны 2021 жылы аяқтап, көп уақыт өтпей «Қазавиақұтқару» ұжымына қадам бастым, қазіргі таңда жұмыс істеп жүргеніме 2 жыл болады. Өзімді аса бір бөлек қабілетім үшін жұмысқа алды десем өтірік болар, барлығымен бірдей дәрежеде салыстырып алған шығар деп ойлаймын, - дейді қайсар қыз.
Тікұшақты басқару ұшаққа қарағанда ауыр. Ептілігі басым ержүрек қыз тікұшақ тізгіндеуге неге құмартқанын айтып берді.
Академияда оқып жүргенде, бізге 2-курста ұшақ немесе тікұшақ тізгіндеуді меңгеруге таңдау беріледі. Тікұшақты басқару қиын болады деген көпшіліктің пікірін естігеннен кейін осы бағытты таңдадым. Оның қаншалықты ауыр екенін өз көзіммен көріп, сезінгім келді. Тікұшақ ешкім бара алмайтын жерге бара алады, ұшақ қона алмайтын жерге қона алады. Ұшақ ұшу жолағына ғана қона алса, тікұшақ кез келген жерге, ен далаға болсын, таулы жерге болсын қона береді.
Өте қауіпті мамандықты таңдаған Бибіханның тікұшақ тізгіндегеніне әуеліде жақындары сенбеген екен.
Жақындарым бұл жаңалықты алғаш рет естіген кезінде туыстарым таңғалды. Тіпті, кіп-кішкентай болып алып, алып аппаратты қалай басқарасың деп сеніңкіремей қарады. Болашақ жарым менің жұмысыма түсіністікпен қарап, қабылдаса екен деген ойдамын. Түрлі төтенше жағдайлар болып жатқанда, біз мезгілге, уақытқа қарамай жұмыс істейміз, - дейді Бибіхан.
Ол өзінің жұмыс кестесі мен жұмысы жайлы толығырақ айтып берді.
Бізге ертерек кім қай қалада кезекте болатыны жайлы кесте жібереді. Сол кесте бойынша адамдарды іссапарларға жіберіп отырады. Іссапарда болған уақыт тез өте шығады. Шұғыл жағдайлар болып жатса, біз міндетті түрде дайын болып отырамыз. Әрине, ол тек біздің дайындығымызға байланысты емес. Метеоролог және диспетчер қызметкерлерімен байланысып отырамыз.
Жұмысым іздеу, құтқару жұмысымен тікелей байланысты. Бізді өрт сөндіру жұмысына да жұмылдырады, өзге де төтенше оқиғалардың салдарын жоюға тартылатын мамандарды тасымалдаймыз. Әуеден барлау жұмыстарынан да тыс қалмаймыз. Мұндай жұмыстарға қатты қызығамын, сондай сауапты игі істердің басы-қасында жүргім келеді. Бүгінге дейін 165 сағат ұшыппын. Біреулер үшін бұл аз ғана уақыт болып көрінуі мүмкін. «Жол азабын тартқан білер» деп тегіннен тегін айтпаса керек. Әуедегі әр минуттың қадірін түсіндім.
Жұмысымның жүгі ауыр екенін түсініп, сезінемін. Өйткені жанымдағы адамдар үшін де жауапты боламын. Бізде бірінші кезекте командир жауап берсе, оның берген нұсқаулығын бұлжытпай орындауға тиіспіз. Бізде тікұшақта үш адам отырады. Олар: әуе кемесінің командирі, борт-механик және екінші ұшқыш. Мен сонда екінші ұшқыштың қызметін атқарамын.
Аллаға шүкір, менің тәжірибемде апатты жағдай болмапты. Мен көбіне санавициялық тапсырмаларға жиі ұшамын. Ауыр халде жатқан пациенттерді, шұғыл ота жасату қажеттілігі бар адамдарды жылдам жеткізу керек деген тапсырмалар болады. Медициналық тексеруден өтіп барып, тізгінге отырамын. Тікұшаққа отырмас бұрын әуедегі әр сапарымды «Бісміллә» деп бастаймын , - деді тікұшақ тізгіндеген ару.
«Ең алғашқы ұшағыңыз есіңізде ме? Қашан қалай ұштыңыз?» деп сұрағанымызда, кейіпкеріміз көз жасына ерік берді. Уақытты кері айналдырып, сол сәтке қайта оралғандай болды. Осыдан-ақ алғашқы штурвалға отыру сәті естен кетпес әсер сыйлағанын байқадық.
Ең алғаш тікұшаққа отырған сәтімді ешқашан ұмытпаймын. Ол кезде небәрі 19 жаста едім. Тізгіндеген ең алғашқы тікұшағым Bell-206В болатын. 3-курс оқып жүргенде, жаз айында ұшуды бастадық. Алғаш тікұшаққа отырып, штурвалды басқарған сәт кеше ғана болған сияқты. Көкке ұшқанымда мың түрлі сезімді бастан кешірдім. Үміт пен күдік, қуаныш пен қорқыныш билеген жүрек дүрсілін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Керемет сезімге толы сәт болды. Сол күні өзімді авиация саласына арнаймын деп шештім. Әрине, барлығы оңай, тез бола қойған жоқ. Ақырындап, бірақ нық қадаммен өз дегеніме жетудемін, - деп өміріндегі ең маңызды оқиғаны еске алды кейіпкеріміз.
Тікұшақ тізгіндеген бойжеткеннің осы бір нық қадамдарынан өзіне деген сенімділігі сезіліп тұрды.
Әуе кеңістігінде қалықтап жүріп, қауіп пен қатерге бел буып, сан түрлі сапарларға ұшқан адам үшін жер үстіндегі жұмыстар жеңіл болуы керек. Қандай қызмет болмасын қайрат пен табандылықты талап ететіні анық. Авиацияда ұл, қыз деген болмайды, тек авиация қызметкері болады. Көпшілік жұмысқа алар кезде қыз баласы болғандықтан, саған басымдық берген болар деп ойлайды. Олай емес. Керісінше, жұмысқа кірісерде басшылықта бір қорқыныш болды. Ол тікұшақты тізгіндей алмайды-ау деген қорқыныш емес, ертеңгі күні тұрмысқа шығып, декреттік демалысқа шығып кетсе қайтеміз деген уайым болды. Сондықтан болар жұмысқа тұрарда мансап жолын қуып, қызметте өсуге талпынасыз ба деп сұрады. Тұрмыс құру да өз уақытымен бола жатыр. Қазіргі уақытта өзімді дамытып, бар назарымды жұмысқа аударудамын. Әуе кемесінің командирі болуы үшін бар ерік-жігерімді саламын, - деді Бибіхан Тұрысбекова.
Жаны нәзік жаратылыс иесі өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқаруды басты орынға қояды. Өзінің арманын да осы саламен байланыстыруы қызметіне деген адалдығы десе де болады.
Біздің салада психологиялық көңіл-күй де маңызды рөл атқарады. Үлкен жауапкершілік алғандықтан, барлық уайым-қайғыны үйде тастап кетемін. Жұмысқа келгенде ұшқышпын. Тікұшаққа отырғанда барлық проблемамды ұмытамын. Қызметімді басты орынға қоямын. Әрбір рейске жауапкершілікпен қараймыз. Барлық жағдайға алдымен психологиялық түрде дайын болуымыз керек, - дейді Бибіхан.
Кейіпкеріміз ер адамдар тікұшақ штурвалында қыз баланың отырғанына таңғалып жататынын айтты.
Қазір қоғамда іскер әйелдер қатары көбейіп келе жатыр. Жігіттер қауымы ауыр жұмысты әйелдерге істетпейпіз деп, бар жауапкершілікті өздері алған. Сондай арқа сүйейтін адамның қамқорлығына сеніп алған қыздар ер адамдар атқаратын осындай жұмыстарды нәзік жандылар да істей алатынын біле бермейді. Тіпті, қызығушылық та танытпайды. Алайда арулар да осындай жұмыс атқара алатынын естігенде таңғалады. Кейде тіпті жолаушылар да таңғалып жатады. Ұшып жүрген уақытта әйел кісі штурвалда екенін білген адамдар таңырқайды, қызықты сұрақтар қояды. Ал әріптес ұшқыш ер адамдар маған сыйластықпен, құрметпен қарайды,олардың теріс көзқарасын немесе өзіме деген кереғар пікірлерін байқамадым, - дейді ұшқыш қыз.
Кейіпкеріміз өзін алаңдататын қазіргі авиация саласының мәселелеріне де тоқталып өтті.
Біздің авиация саласына жаңа үлгідегі тікұшақтар керек. Жас мамандар көптеп келсе екен деймін. Адамның істегенін адам істейді ғой. Ештеңеден қорықпау қажет. Қазіргі уақытта авиация саласында 40-50 жастан асқан азаматтар жүр. Олардың орнын жастар алмастыратын уақыт келді, - деп сөзін түйіндеді Бибіхан.
Аяулым АЛТЫНБЕК