Әлеумет

28 сәуір — Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні

Халықаралық еңбек ұйымы 28 сәуірді Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні немесе Дүниежүзілік жұмыс орнындағы қауіпсіздік және денсаулық күні деп жариялады. Бұл күн алғаш рет 2003 жылы атап өтілді. Мақсат еңбекті қорғау мәдениетін қалыптастыру және жұмыс орнындағы жыл сайынғы өлім-жітімнің төмендеуіне ықпал ету болатын, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнін өткізу идеясы 1989 жылы Американдық және канадалық жұмысшылардың жұмыс орнында зардап шеккен және қаза тапқан жұмысшыларды еске алу күнінен бастау алады.

ХЕҰ ақпараты бойынша жыл сайын әлемде 2,3 миллионға жуық адам жұмыс орнындағы жазатайым оқиғалар мен кәсіптік аурулардан қайтыс болады екен. Оның 317 мыңға жуығы өлімге әкелетін жазатайым оқиғалардан және шамамен 1,7-2 миллион өлім жұмысқа байланысты пайда болған аурулардың салдарынан болған.

Сонымен қатар жыл сайын шамамен 270 миллион жұмысшы өндірістік жазатайым оқиғалардан зардап шексе, 160 миллионға жуығы түрлі аурулардан зардап шегеді. Ал еңбекті қорғау стандарттарын жеткіліксіз қамтамасыз ету нәтижесінде жаһандық экономикаға ЖІӨ-нің 4% мөлшерінде залал келтіріледі.

Сондықтан ХЕҰ барлық елдерді жазатайым оқиғалардың алдын алу және бүкіл әлемдегі жұмыс орындарында аурудың ықтималдығын азайту үшін Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнін атап өтуге шақырады.

Жыл сайын Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні ХЕҰ алдында тұрған мәселелерге арналып, әртүрлі тақырыптармен өтеді.

2023 жылғы Дүниежүзілік күннің тақырыбы «Қауіпсіз және салауатты жұмыс ортасы — еңбек саласындағы негізгі қағида және құқық» деп жарияланды.