Әлеумет

2030 жылға дейінгі Инклюзивті саясат тұжырымдамасы қандай бағыттарды көздейді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі Инклюзивті саясат тұжырымдамасының жобасында көзделген мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттырудың негізгі тәсілдері туралы айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстарын, халықаралық тәжірибені және БҰҰ мүгедек адамдар құқықтары жөніндегі комитетінің ұсынымдарын ескере отырып, 2030 жылға дейінгі Инклюзивті саясат тұжырымдамасының жобасын әзірледі.

Құжаттың басты жаңалығы мүгедектіктің медициналық-әлеуметтіктен әлеуметтік-құқық қорғау моделіне көшу бойынша жағдайлар жасау болып табылады.

Инклюзивті саясатты іске асырудың жаңа тәсілдері құқықтарды іске асыруға, МБА мүмкіндіктерін кеңейтуге, олардың қоғамға толыққанды әлеуметтік ықпалдасуы үшін қажетті жағдайлар жасауға бағытталған пәрменді шаралар кешенін қабылдауды көздейді.

Тұжырымдама жобасы одан әрі жұмыстың 13 бағытын көздейді, мысалы: теңдік және кемсітпеушілік, құқықтық қорғалу және сот төрелігіне қол жеткізу, жеткілікті өмір сүру деңгейі және әлеуметтік қорғау, инклюзивті еңбек нарығы және өндірістік орта, инклюзивті білім беру, кедергісіз орта және қызметтердің қолжетімділігі және тағы басқалар.

Вице-министр негізгі бағыттар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Осылайша, теңдік пен кемсітпеушілікті қамтамасыз ету мақсатында ұлттық заңнамаға МБА-ға қатысты кемсітушілік құқықтарды анықтау және жою тұрғысынан талдау жүргізу көзделеді. Нәтижесінде МБА-ға қатысты теңдік пен кемсітпеушілікті, оның ішінде «мүгедектік», «балалар мүгедектігі» және басқалардың қолданыстағы ұғымдарын БҰҰ-ның мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясының ережелеріне және жаңа әлеуметтік-құқық қорғау моделіне сәйкес келтіруді қамтамасыз ететін заң жобасы әзірленетін болады.

«МБА-ға құқықтық қорғауды кеңейту мониторинг және бақылау тетіктерін енгізе отырып, тиімді заңнамалық және нормативтік актілерді қабылдау арқасында қамтамасыз етілетін болады.

Мүгедектігі бар мигрант балалар мен ата-аналары тұруға ықтиярхаты жоқ мүгедектігі бар босқын балалар бойынша әлеуметтік қорғау, медициналық көмек, инклюзивті білім беру шараларын алу жөнінде ұсыныстар әзірленеді.

Сот ісін жүргізуге инклюзивті мамандардың (сурдоаудармашылар, жеке көмекшілер) қатысуы МБА-дың мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді.

Пенитенциарлық мекемелерде болатын МБА-ды ұстау жағдайларын жақсарту үшін инфрақұрылым кезең-кезеңімен қайта құрудан өтеді.

Отандық құқық қорғау мекемелері – адам құқықтары жөніндегі уәкілдер мен халықтың әлеуметтік осал топтары институттарының өкілеттіктерін кеңейту көзделуде», - деді Асқарбек Ертаев.

Өмірдің жеткілікті деңгейін қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғау үшін Еңбекмині тұрақты негізде Отбасының цифрлық картасы арқылы азаматтардың қолдау шараларына мұқтаждығын бағалау бойынша жұмыс жүргізеді.

Бұдан басқа медициналық-әлеуметтік сараптаманы кезең-кезеңімен трансформациялау жүзеге асырылуда. Оны жекелеген нозологиялар бойынша өткізудің сырттай проактивті форматына көшуді қамтамасыз ету жоспарлануда.

Абилитация және оңалту саласын дамытуды ғылыми-практикалық қолдауды кеңейту мақсатында әлеуметтік қорғау саласын дамытудың Ұлттық ғылыми орталығын трансформациялау жүзеге асырылуда.

«Оңалту іс-шараларының тиімділігінің өсуі цифрлық технологияларды кеңінен қолдану есебінен қамтамасыз етілетін болады. Оң нәтижеге қол жеткізу оңалтудың цифрлық күнделігін және қашықтықтан оңалту технологиясын енгізу нәтижесінде мүмкін болады.

Оңалтудың техникалық құралдарының (бұдан әрі – ОТҚ) тозу дәрежесін айқындау және моральдық ескірген құралдарды уақтылы ауыстыру үшін арнайы сараптама енгізілетін болады.

Оңалту процестерінің үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін ОТҚ уақытша және өтеусіз пайдалануға беру мәселесі қаралуда», – деп хабарлады вице-министр.

Стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер орталықтарының жұмыс істеп тұрған желісіне балама ретінде инклюзивті тұруға арналған әмбебап дизайн негізінде сыйымдылығы аз үйлер желісін кеңейту көзделеді.

Берілетін АӘҚ-дің сапасын жақсарту әлеуметтік қызметкерлер үшін жаңа кәсіптік стандарттарды енгізудің арқасында мүмкін болады.

         2025 жылдан бастап әлеуметтік қызметкерлер тізілімі және оларды міндетті аттестаттау жүйесі, әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды лицензиялау енгізілетін болады.

«МБА-ды жұмысқа орналастыру жөніндегі шараларды әзірлеу шеңберінде мүгедектігі бар адамдардың еңбек құқықтарын регламенттеу, сақтау және қорғау жөніндегі нормативтік құқықтық база қайта қаралатын болады.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру және жұмыс берушілерді ынталандыру мақсатында МБА жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша квотаны орындамайтын жұмыс берушілердің бюджетке өтемақы төлеу тетігін енгізуі көзделеді», – деді Асқарбек Ертаев.

Тұжырымдама жобасы шеңберінде арнайы білім беру жүйесін жетілдіру, сондай-ақ білім берудің барлық деңгейлерінде инклюзияны қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешені көзделеді. Білім беруге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі жоспарланып отырған шаралар мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы білім беру ұйымдарының жанынан ерте психологиялық-педагогикалық қолдау қызметтерін құруды қамтитын болады.

«Халық үшін инфрақұрылым объектілері мен қызметтердің қолжетімділігін регламенттейтін ұлттық стандарттарды енгізу орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, халыққа қызмет көрсететін ұйымдардың кедергісіз орта құру жөніндегі жұмыстарды өзектендірудің негізі болып табылады.

Мемлекеттік және қоғамдық бақылау артады, оның шеңберінде барлық меншік нысандарындағы объектілерді МБА үшін қызметтердің қолжетімділігі тұрғысынан тексеру міндетті және тұрақты болады.

Жергілікті атқарушы органдарға жобалау құжаттамасының инклюзивтілігін, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарды қоса алғанда, халықтың аз қозғалатын топтары үшін объектілердің қолжетімділігі тұрғысынан қадағалауды жүзеге асыру жөніндегі құзыретті бекіту көзделеді», – деп хабарлады вице-министр.

Бұдан басқа, төтенше жағдайлар кезінде МБА-дың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға кепілдік беретін стандарттар мен құқықтық нормалар енгізілетін болады, оның ішінде: қолжетімді форматтар мен құралдарға негізделген құлақтандыру жөніндегі тәсілдер; төтенше жағдайлар мен дүлей зілзалалардағы осалдықты төмендету мақсатында тәуекелдерді болжау тетігі; төтенше жағдайларға ден қою алгоритмдері.

Мүгедектігі бар адамдар мен олардың отбасы мүшелері үшін төтенше жағдайлар кезінде қауіпсіз мінез-құлықты оқыту жүйесі құрылады.

Мәдениет, спорт және туризм инфрақұрылымын дамыту саласындағы негізгі міндеттердің бірі МБА үшін қолжетімді нысандар мен қызметтер санын ұлғайту болады.

Сөз соңында Асқарбек Ертаев Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейін Инклюзивті саясат тұжырымдамасын қабылдау: ұлттық заңнаманы жетілдіруге; еңбек нарығының инклюзивтілік деңгейін, медициналық қызметтердің сапасын, инклюзивті білім беруді арттыруға, мүгедектігі бар адамдарды саяси және қоғамдық өмірге тартуға; кедергісіз орта, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға және ТЖ жағдайында мүгедектігі бар адамдарға қауіпсіздік пен қажетті көмекті қамтамасыз ететін іс-қимыл алгоритмін құруға және т. б. ықпал ететінін атап өтті.