Бала кітап оқуы үшін алдымен ата-ана үлгі болуы керек – педагог
Баланың кітап оқуға деген қызығушылығы бастауыш сыныпта қалыптасқаны дұрыс. Себебі жеткіншектер еш нәрсеге қызықпаса, ештеңе үйрене де алмайды. Қазір мектеп оқушыларының кітап оқуға деген ынтасы төмен екені баршаға аян. Түрлі платформаларда ойын ойнап, әлеуметтік желілердегі мағынасы жоқ бейнероликтер тамашалаумен уақытын босқа өткізетіндер көп. Сол үшін мамандар жазғы каникул кезін тиімді пайдаланып, балалардың кітап оқуға деген құлшынысын оятуға кеңес береді. Elorda.info тілшісі USTAZ PRO орталығының әдіскер-тренері Алтын Амановамен осы тақырып төңірегінде сұхбаттасты.
- Балалардың күнұзақ гаджетке үңіліп отыруы ата-аналарды алаңдатады. Сол үшін кейде ересектер балаларды қадағалап, тіпті мәжбүрлеп кітап оқытып жатады. Үлкендердің мұндай әрекетін сіз маман ретінде қалай бағалайсыз және күштеп кітап оқытудың нәтижесі бола ма?
Ата-ана баланың сезімін, таңдауын сыйлап, оны қабылдай ала білуі керек. Мысалы баласы қандай да бір кітапты оқудан үзілді-кесілді бас тартуы мүмкін. Бұл жағдайда ересектер кітап үшін баласымен қарым-қатынасты бұзбағаны дұрыс. «Жақсы, саған бұл кітап ұнамайды екен, онда не туралы оқығың келеді? Қандай кейіпкерлер болғанын қалайсың? деген сұрақтар арқылы қалауы мен қажеттілігін анықтаса болады. Оқығысы келетін кітапты бірге таңдауға ұсыныс білдірсеңіз бала әдетте қуана қабылдайды. Мұқабасы көз тартарлық, ішінде суреттері қанық кітаптар дүкен сөресінде толып тұр.
Алайда мәжбүрлеп, ренжіп немесе ұрысып оқыту дұрыс емес. Ересектер бір жағдайды түсінсе екен деймін. Бала қызыққан кезде ғана кітапты қолына алады. Ал оны қызықтыру бізге байланысты. Мысалы өзіміз қандай да бір фильмді көрмес бұрын алдымен триллерін, қысқа үзінділерін немесе жазылған пікірлерді бір шолып шығамыз. Егер ұнаса ғана кинотеатрға барамыз. Бала да дәл солай. Сол үшін жақындары кітаптағы оқиға желісін көркем түрде қысқаша баяндап, жеткізе алса, әрі қарай қалай өрбігенін білуі үшін бала кітапты өзі іздейді. Мәжбүрлеп оқытқаннан нәтиже болмайды. Ол қорыққаннан, қатал тәртіп болғаннан кейін ғана оқуы мүмкін. Бірақ кітапқа деген қызығушылығы мүлдем жоғалады.
-Жазғы каникул кезінде балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын қалай арттыруға болады?
Балалар ең бірінші ата-анасынан үлгі алады. Сондықтан, алдымен ата-анасы жақсы тәрбие беріп, үлгі көрсетуі үшін өзі де кітап оқуы тиіс. Әсіресе бастауыш сынып оқушылары әке-шешесінің айтқанын емес, оларға еліктеп, көргенін жасайды. «Білім-кітапта» деген қағиданы бала түсінуі керек. Қызығушылығын арттырудың бір тәсілі ретінде кітапты баланың өзіне таңдатуды ұсынар едім. Ол үшін дүкенге бірге барып, жақсы безендірілген, қызықты, ең бастысы бала өзі қалаған кітапты сатып әперсе болады. Қазір 3 Д форматтағы ертегілер бар. QR code арқылы ондағы жануарлардың қимыл- қозғалысын көру, дыбыстарды есту балаға қатты ұнайды. Бұған қоса, кітап таңдағанда балалардың жас ерекшелігін де ескеру керек. Кей кезде балалар бұрын оқып шыққан кітаптарды қайтадан оқысы келеді. Оған да келіскен жөн. Сондай-ақ, әдетте ата-аналар естен шығаратын жағдай бар, ол балаға кітап оқуға жағдай жасау, ыңғайлы, жарық орын, жақсы атмосфераның маңызы зор. Жалпы балаларды, жастарды кітап оқуға ынталандыру барлық қоғамға тән мәселе. Бірқатар мемлекеттерде арнайы бағдарлама қабылданған. Мәселен Жапонияда мектеп оқушылары 30 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда қазір екі есе көп кітап оқиды екен. Бұл нәтижені Жапонияның ұлттық балалар кітапханалары қауымдастығы жүргізген зерттеу көрсеткен. Мәліметтерге сәйкес, бұл елде бастауыш сынып оқушылары айына орта есеппен 13,2 кітап оқиды. Бұдан бөлек электрондық мәтіндерден гөрі қағаз кітаптарды жақсы көретіні анықталған. Бүгінде Жапония балалардың кітап оқу белсенділігін қолдау туралы арнайы Заң шығарған жалғыз ел болып отыр.
Ұлыбританияда балалардың кітап оқуға деген ынтасын арттырудың кең ауқымды бағдарламалары жасалған. Мысалы «Жазғы демалыста кітап оқуға шақыру», «Кітап оқуды баста», «Отбасымызбен бірге оқиық» деген жобаларды іске асырып жатыр. Тағы бір қызығы Англиядағы үш жасқа келген әр балаға «кітаптар портфелі» ұсынылады екен. Францияда кітап оқу мәселесін шешу Мәдениет министрлігі мен Үкіметтің басты міндетіне айналған. «Оқымысты қала» жобасы барлық қала тұрғынын кітап оқуға баулиды. Сондай-ақ көшелерде оқырмандарды жинап дауыстап кітап оқу жобасы да бар. Жоба кітап оқуды ұнатпайтын, бірақ жақсы кітаптың мазмұнын тыңдағысы келетіндерге арналған. Бұл балаларды ғана емес, ересектерді де қызықтырады.
-Ата-ана баласы кітапты толық оқығанын, ондағы ойды дұрыс түсінгенін қалай анықтағаны дұрыс?
Бәріміздің жаратылысымыз әр түрлі, біріміз аудиал, визуал, енді біріміз кинестетикпіз. Яғни оқығанын тек ауызша мазмұндап беретін оқушылар бар, ал келесісі кітаптағыны қозғалыс, түрлі дыбыстар арқылы жеткізгенді ұнатады. Визуал оқушы оқиғалардың не кейіпкерлердің суретін салғанды сүйюі мүмкін. Демек баланың ерекшелігіне, қабілетіне қарай мамандар мен ата-аналар түрлі педагогикалық әдіс-тәсілді қолдана алады.
Балалардан кітаптан не түсінгенін анықтау үшін мұғалімдер қолданатын 7 сұрақ деген тәсіл бар. Ол кім, не, қалай, не үшін, неге, неге олай болды, басқаша қалай болуы мүмкін деген сауалдар баланың ойын жинақтауға көмектеседі. Оқып шықтың, енді түсінгеніңді маған айтып бер деп талап ету оқушылардың ішкі қарсылығын тудырады. Оның үстіне қазір балалардың сөздік қоры аз, балалар ойын қазақша жеткізе алмайды. Сурет, қимыл-қозғалыс арқылы, ритмге салып әнмен жеткізу әлдеқайда жақсы нәтиже береді.
Түрлі зерттеу нәтижелеріне қарасақ, кішкентайынан көп кітап оқыған баланың болашақта жетістікке жету ықтималдығы жоғары. Сондықтан баласының болашағына жауапкершілікпен қарайтын ата-ана кітап оқуға көңіл бөлгені абзал.
-Сұхбатыңызға рахмет!
-->