Әлеумет

100-ден астам жолаушы Jibek joly туристік пойызымен жолға шықты

Бүгін Алматыдан 100-ден астам жолаушы «Алматы – Түркістан – Ташкент – Самарқан – Бұхара – Алматы» бағыты бойынша жүретін Jibek joly туристік пойызымен сапарға шықты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Турдың ұзақтығы – 5 күн.

Пойыз заманауи әрі жайлы отандық өндірістің вагондарынан жасақталған. Интерьер ұлттық нақышта безендіріліп, дәстүрлі ою-өрнектермен айшықталған. Құрамда үш купелік және бір мейрамхана вагоны бар.

Бағыт бойында туристер Қазақстан мен Өзбекстанның мәдени және тарихи орталықтарына аялдап, ғасырлар қойнауынан сыр шертетін жәдігерлермен танысады. Сапар барысында олар Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен көне Отырар қалашығын, Самарқандағы Әмір Темір кесенесі мен әйгілі Регистан алаңын, Бұхарадағы Арк қамалы мен Ляби-Хауз алаңын, Ташкенттегі Төле би кесенесі мен Хазрет Имам мемориалдық кешенін тамашалайды.

Турпакетке пойызбен сапар, кәсіби гидтердің сүйемелдеуі, барлық экскурсиялық билеттер мен трансферлер толық қамтылған.

Jibek joly туристік пойызы «Жолаушылар тасымалы» АҚ бастамасымен және «Өзбекстан темір жолдарының» қолдауымен ұйымдастырылды.

Бұл жоба Қазақстанның халықаралық туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға және өңірдің тарихи мұрасын кеңінен танытуға серпін береді.