Әлеумет

Балаларға ғана емес, олардың ата-анасына да қолдау көрсетеміз – Ботагөз Сұлтанова

Елордада әлеуметтік осал топтарды қолдау мен олардың мәселесін шешуге ықпал ету үшін көптеген шаралар қолға алынған. Жергілікті атқарушы органмен қатар қоғамдық қорлар мен бірлестіктер осы бағытта бірлесіп жұмыс істейді. Солардың бірі - «Бақытты Шаңырақ» қоғамдық қоры. Қордың жұмысы мен көрсетілетін қызметтер туралы оның жетекшісі Ботагөз Сұлтанова айтып берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мүмкіндігі шектеулі балалары бар жанұяларға қолдау көрсететін «Бақытты Шаңырақ» қоғамдық қоры 2020 жылы құрылған. Содан бері ол денсаулығында кінәраты бар балалар мен олардың отбасына жан-жақты көмек беріп келеді.

«Біздің қоғамдық қордың ерекшелігі тек балаларға көмек берумен шектелмейміз, олардың туғандары да назардан тыс қалмайды. Балаларды оңалту-сауықтыру, білім мен өнерге баулу сабақтарымен қатар, ата-анасы үшін арнайы курстар ұйымдастырылған және қажет болған жағдайда психологиялық-құқықтық көмек беріледі. Менің ойымша, баламен жұмыс істеу маңызды, алайда онымен тікелей байланыстағы, барлық уақытын баласына арнайтын ата-анасының эмоционалдық-психологиялық жай-күйін де ұмытпауымыз керек», - деді Ботагөз Серікбайқызы.

«Бақытты Шаңыраққа» келушілердің қатары уақыт өткен сайын артып келеді. Аналар бір-бірімен танысып, байланыс орнатуға мүмкіндік беретін орта қалыптасқан, олар әрқашан бір-бірін қолдауға дайын.  

Ботагөз Сұлтанованың айтуынша, балаларын қосымша сабаққа алып келетін аналар өз уақытын тиімді пайдаланып, орталықтағы курстарда жаңа кәсіп игеріп, біліктіліктерін арттыра алады.

«Мүмкіндігі шектеулі балалары бар 40 ана тігін курсын оқып, қосымша табыс табу мүмкіндігіне ие болды. Бұған қоса біліктілікті арттыру курстары да ашылған. Қазір біз жалпы 1059 отбасыға көмек көрсетеміз. Бұл отбасылардағы балалардың саны 3 мыңға жуық, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балалардың саны - 1138. Барлығын көмекпен қамтуға тырысамыз, әрине. Азық-түлік себеті мен гигиеналық құралдар беріледі, өмірлік қиын жағдайға тап болған жанұяларға материалдық көмек көрсетіледі», - деді қоғамдық қор жетекшісі.  

Қазіргі таңда «Бақытты Шаңырақ» қоғамдық қорында дефектолог, эрготерапевт, психолог мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейді, сондай-ақ массаж, АВА-терапия, сенсорлық интеграция сияқты қызмет түрлері бар. Қазірдің өзінде 600-ге жуық бала оңалту-сауықтыру курсынан өткен. Сонымен қатар түрлі аурулар мен жарақаттан кейін қалпына келу үшін емдік-дене шынықтыру сабақтары өткізіледі. 163 бала ағылшын тілі, цифрлық сауаттылық пен басқа да пәндер бойынша қосымша білім алып жүр. Ал 150 бала шахмат, қолөнер, арт-терапия, домбыра үйірмелерімен қамтылған. Заңгерлік консультация берілген ата-аналардың жалпы саны 300-ден асады.

«Біздің қоғамдық қорда балалармен бірге ата-аналар үшін шеберлік сабақтары өткізіледі. Ас-ауқат дайындаудан бастап, тұлғалық даму мен қарым-қатынасты жақсартуға бағытталған тренингтер бар. Инклюзивтік іс-шараларға отбасы мүшелерін қатыстырамыз, бұл біздің балаларымыздың қоғамға бейімделуіне айтарлықтай ықпал етеді. Мәселен Жасөспірімдер клубында 15 оқушы тренингтен өтіп, көшбасшылық қабілетті ашу мен коммуникация орнату дағдыларын үйренді. Қордың қызмет көрсету аясы артып келеді. Болашақта балалар мен ата-аналардың тұрмысын жақсартуды көздейтін өзге де шараларды қолға алмақпыз. Оқу-білім, терапевтік және әлеуметтік көмекпен қамту үшін екінші орталық ашқымыз келеді», - деді Ботагөз Сұлтанова.