1,7 млн оқушы қазақ тілі мен әдебиетінен емтихан тапсырады
Биыл мектеп бітіру аттестаттарын түлектерге тапсыру салтанаты 18-20 маусым аралығында өткізіледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев айтты.
"2024-2025 оқу жылының қорытындысы бойынша ұлттық білім беру деректер қорының мәліметтеріне сәйкес, елімізде барлығы 8 мыңнан астам мектеп бар, онда 4 млн-ға жуық оқушы білім алуда. Биыл 9 сыныпты 364 мыңнан астам бала аяқтайды. Олар алдағы уақытта 10-сыныпты жалғастыру немесе колледжге түсу туралы шешім қабылдайтын болады. Сондай-ақ 217 мыңнан астам түлек 11 сыныпты тәмамдайды. Оқу-ағарту министрінің бұйрығына сәйкес, мектептерде оқу мерзімі дәстүрлі түрде 34 аптаға созылады, оқу 25 мамырда аяқталады",- деді ол.
Оның айтуынша, орта білім беру ұйымдарында сабақ аптасының бес күндік екенін ескере отырып, 1-10 сынып оқушылары үшін соңғы сабақ күнін 23 мамырда «Білімім — отаныма» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты форматында өткізу туралы ұсыным берілді. Сынып сағатының мақсаты: балаларды жыл бойы алған білімінің нәтижесін қорытындылай білуге тәрбиелеу.
"11-сынып түлектері үшін салтанатты іс-шара мектеп әкімшілігінің шешімімен 23 немесе 24 мамырда мектеп қабырғасында өткізіледі. Салтанатты іс-шараны өткізу форматын, қатысушылар құрамын білім беру ұйымдары өздері анықтайды. Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес 9 және 11 сынып оқушылары үшін қорытынды мемлекеттік емтихандардың мерзімдері айқындалды. 9-сынып оқушылары үшін қорытынды мемлекеттік емтихандар 2025 жылғы 29 мамыр мен 10 маусым аралығында өтеді деп жоспарлануда. Ал 11 сынып түлектері 30 мамыр мен 16 маусым аралығында мемлекеттік бітіру емтихандарын тапсырады", - деді Қаныбек Жұмашев.
Комитет төрағасы өткен жылы тұңғыш рет барлық мектепте оқыту тіліне қарамай қазақ тілі және әдебиет пәнінен аралық емтихандар енгізілгенін ескен салды.
"Аралық емтиханды 5, 6, 7, 8, 10 сынып оқушылары 27-31 мамыр аралығында тапсырады. Оған 1,7 млн оқушы қатысады. Бұл емтиханның мақсаты - оқушылардың мемлекеттік тілді оқып үйрену деңгейін анықтау және білімдерін шыңдауға дағдыландыру. Бұл емтихан негізінен 4 бағытта өтеді: тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым. Бұл халықаралық CREF стандартына сәйкес. Сонымен қатар, мектеп бітіру аттестаттарын түлектерге тапсыру салтанатын 18-20 маусым аралығында өткізу жоспарланған», - деді ол.
Айта кетейік, орта білім беру жүйесінде кадр тапшылығы толық жойылды.