Әлем

Жапония ұзақ жасайтындар саны жағынан рекордты жаңартты

Жапонияда 100 және одан жоғары жастағылардың саны 95 119 адамды құрап, рекорд жаңартты, деп хабарлады Elordainfo.kz Жапонияның Kyodo News агeнттігіне сілтеме жасап.

100 және одан жоғары жастағы жапондықтардың саны 54-ші жыл қатарынан өсіп келеді.

Жапонияның Денсаулық сақтау, еңбек және әл-ауқат министрлігі Ұлттық қарттар күні мерекесінен бір күн өткен соң, 15 қыркүйектегі жағдай бойынша ұзақ жасайтындардың жалпы саны өткен жылмен салыстырғанда 2 980 адамға өскенін хабарлады. Оның ішінде әйелдер 88,3% - 83 958 адамды құрады.

Естеріңізге сала кетейік, 116 жастағы Томико Итока әлемдегі ең қарт адам болып танылды. Ол 1908 жылы 23 мамырда дүниеге келген және Хиого префектурасында тұрады.

100-ден асқан ер адамдар саны 11 161 адамды құрады, елдегі ең қарт ер адам Шизуока префектурасында тұратын 110 жастағы Киетака Мидзуно. Ол 1914 жылы 14 наурызда дүниеге келген.

Министрлік елдегі өмір сүру ұзақтығы 2023 жылы әйелдер үшін 87,14 жасқа және ерлер үшін 81,09 жасқа жеткенін айтты.

1963 жылы алғаш деректер жинала бастаған кезде Жапониядағы ұзақ жасағандар саны 153 болды. 1981 жылы бұл көрсеткіш 1000-нан асып, 1998 жылы 10 000-ға жетті.

Бұған дейін 65 жастан асқан жапон азаматтарының саны рекордтық көрсеткішке жетіп, 36,25 миллион адамға жеткені, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мың адамға артық екені хабарланған.