Әлем

Жапонияда ҚР Ұлттық күніне орай Қазақстанның туы көтерілді

Қазақстан Республикасының сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бастаған қазақстандық делегация EXPO 2025 Osaka дүниежүзілік көрмесінде Қазақстанның Ұлттық күні аясындағы іс-шараларға қатысу үшін Жапонияға ресми сапармен барды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

EXPO National Day Hall (EXPO Ұлттық күнізалы) алаңында министр А. Шаққалиев пен Osaka EXPO 2025 қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Республикасының туын көтеру рәсімі өткізілді.

Министр өз сөзінде Жапония үкіметіне және көрмені ұйымдастыру комитетіне осы беделді халықаралық шараны жоғары деңгейде дайындап, өткізгені үшін шын жүректен алғысын білдіріп, бүгінгі күннің еліміз үшін маңыздылығын атап өтті.

«Бүгінгі шара қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орайластырылған. Бұл өңірлердің географиялық қашықтығына қарамастан, рухымыздың жақын екендігін білдіреді, себебі бізді дәстүрлер мен аға буынға деген құрмет, білім мен еңбекке деген жоғары мән біріктіреді», - деді А. Шаққалиев іс-шараның ресми ашылу салтанатында.

Сондай-ақ министр 1991 жылы дипломатиялық қатынастар орнағаннан бері екі ел арасындағы сауда, инвестиция, ғылым, білім, экология және технология салаларында тұрақты ынтымақтастық дамып келе жатқанын атап өтті.

Өз кезегінде Жапонияның экономика, сауда және өнеркәсіп вице-министрі Акиёси Като Осакадағы EXPO-да өткен еліміздің Ұлттық күнімен қазақстандық делегацияны құттықтап, өзсөзінде мәдени алмасудың өзара түсіністікті, ынтымақтастықты және екі ел арасындағы екіжақты байланыстарды дамытудағы маңыздылығын атап өтті.

Дүниежүзілік көрме қонақтары үшін Қазақстанның Ұлттық күнін мерекелеу шеңберіндеEXPO аумағында қазақстандық балуан, төрт дүркін әлем рекордшысы Сергей Цырульниковтың, ұлттық киімдегі әртістер мен батырлардың қатысуымен ауқымды шеру ұйымдастырылды.

Сонымен қатар шара барысында көрме аумағында Астана қаласы мен Ұлытау өңірінің инвестициялық және туристік әлеуетін көрсететін стендтер қойылды.

Қазақстандық павильон келушілер арасында өте танымал екенін айта кеткен жөн. Оған келген қонақтар саны 900 мыңға жетті.