Әлем

Түркиялық ерлі-зайыпты автобуспен көшпенділер ойынына келе жатыр

1982 жылғы көне автобусқа мінген Идил мен Бурак Дуран екі жасар ұлымен бірге 8-13 қыркүйекте елордада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынын тамашалау үшін жолға шықты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Анадолы агенттігінің мәліметінше, клиникалық психолог Идил Дуран мен ағаш ұстасы Бурак Дуран Ыстамбұлдағы күнделікті тіршілігін уақытша тастап, 2 жасар ұлдарымен бірге «Көшпенді» деп аталатын автобуста  9 айға жуық өмір сүріп келеді.

1982 жылғы жолаушылар автобусын трейлерге айналдырған Дуран отбасы «Ол қай жақ» деп аталатын әлеуметтік желідегі парақшасында күнделікті өмірімен бөліседі.

Саяхатты ел астанасы Анкарадан бастаған отбасы Астанаға 5 400 шақырым жолды жүріп өтпек.

 

Анадолы агенттігінің тілшісіне сапары туралы айтып берген Бурак Дуран автобусты баспанаға айналдырғанын және бұл шытырман оқиғаның үш жылға созылғанын айтады.

«Біз Көшпенділер ойынының биыл Қазақстанда өтіп жатқанын білдік. Сол кезде неге «Көшпенді» деп аталатын автобуспен бармасқа деген ой келді. Шындығында, алда алыс жол бар. Осы ойымызды естіген адамдар «сен жындысыңдар ма?» деді. 5 мың 400 шақырым екенін естігендер таң қалады. Біздің көлігімізде кішкене кемшіліктер болды, біз оларды жөндедік. Шеберлерге Қазақстанға баратынымызды айтқанымызда олар таң қалды», - деді Бурак Дуран.

Идил Дуран Түркиядан Грузияға, одан кейін Ресейге өтіп, Татарстан арқылы Қазақстанға келетіндерін айтты.

«Ұлымызбен бірге Орталық Азияны аралаймыз. Мен біраз толқып тұрмын. Себебі менің шыққан жерім – Орта Азия»,- деді Идил Дуран.

 

Идил Дуран автобусты керуенге айналдыру процесін және олардың өміріндегі өзгерістер туралы айтты.

«Бұл үш жылға созылды, бірақ оған тұрарлық деп айтар едім. Біз Ыстамбұлдағы үйді жаптық та, саяхатты бастадық. Қазір елімізді аралап жүрміз. 2 жасар ұлымыз да қасымызда. Осылайша, біз оны еліміздің сұлулығы мен мәдениетімен таныстыруға тырысамыз. Шынымен де адам үшін өз үйімен бірге саяхаттау өте  жайлылы», - деді Идил Дуран.