Әлем

Маймыл шешегіне қарсы жаппай вакциналау басталады

Маймыл шешегіне қарсы жаппай вакциналау науқаны келесі айда вирустың эпицентрі болған Конгодан басталады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Африкада ауру жұқтырған 5 500-ге жуық науқастың 90 пайызы осы елде тіркелген. Бұл туралы Qazaqstan.tv мәлімдеді. Олардың көбі – 15 жасқа дейінгі бала. Жауаптылардың айтуынша, індеттің алдын алу үшін мемлекетке вакцинаның 3 миллионнан астам дозасы қажет. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да қолдау білдіретінін жеткізді.

 «Маймыл шешегіне қарсы вакцинаның сынақтан сәтті өтуі - Африкадағы індет жағдайында да, болашақта да бұл аурумен күресудегі маңызды қадам. Енді бізге инфекцияның алдын алып, оның өршуін тоқтату үшін вакцинаға мұқтаж елдерді теңдей қамтамасыз ету керек. Екпені сатып алумен бірге қайырымдылық шараларын көбейту маңызды», - деді ДДҰ Бас директоры Тедрос Гебрейесус.

Айта кетейік, MVA-BN вакцинасы 18 жастан асқандарға 4 апта аралықпен екі иньекция түрінде егіледі. Сарапшылар дәріні нәрестелер мен жасөспірімдерге, жүкті әйелдер мен иммунитеті төмен адамдарға рұқсат етпейді. Алайда вирус жұғу қаупі жоғары аймақтарда профилактика мақсатында қолдану үшін ұсынады. Екпенің бір реттік дозасы 76 пайыз, ал екі дозасы 82 пайыз тиімді деп бағаланған.