Әлемдегі ең кәрі марафоншыны көлік қағып өлтірді
Әлемдегі ең кәрі адамдардың бірі саналған үндістандық марафоншы Фауджа Сингх қайтыс болды. Оны автокөлік қағып кеткен, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оқиға Пенджаб штатында спортшының өзі тұрған елді мекенде болған. Қария жолдың жаяу жүргіншілерге арналған бөлігінен өтіп жатқанда, жүйіткіген көліктің астына түсіп қалды. Жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен.
Марафоншы ауруханада дүйсенбі күні көз жұмды. Дәрігерлер оның өмірін ажалдан арашалап қала алмады.
Фауджа Сингх 1911 жылы 1 сәуірде дүниеге келген. 5 жасқа дейін жүре алмапты. Ал, өскен кезде жүгірумен айналысып, әуесқойлар арасындағы жарыстарға қатысқан. 2000 жылы – 89 жасында Лондон марафонына қатысып, жұртты таң қалдырды.
2013 жылы ол 10 шақырым қашықтықты 1 сағат 32 минут 28 секундта жүгіріп өтіп, M100 жас санатында әлемдік рекорд орнатты.
Айта кетейік, оның жасы 114-те еді.