Гарвард университеті шетелдік студенттерді қабылдау құқығынан айырылды
АҚШ Президенті Дональд Трамп әкімшілігі Гарвард университетін шетелдік студенттерді оқыту құқығынан айырды. Мұны АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрлігі мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жоғары оқу орнының студент алмасу бағдарламасын жүргізу куәлігінің күші жойылған.
Ал қазір оқып жатқан шетелдіктер басқа университетке ауысуы тиіс. Гарвардта былтыр 7 мыңға жуық шетел студенті оқыған. Бұл – осы университетте жалпы білім алушылардың 27,2 пайызы.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, Гарвард университетінде «Болашақ» бағдарламасымен 7 қазақстандық студент оқып жатыр. Министрлікте басқа бағдарламалар немесе өз қаражатына оқып жатқан студенттер туралы мәлімет жоқ.