Әлем

АҚШ президенті Джон Кеннедидің өлтірілуіне қатысты құжаттарды ашық жариялады

АҚШ ұлттық архиві 19 наурыз, сәрсенбі күні президент Джон Кеннеди, оның саясаткер інісі Роберт Кеннеди және қара нәсілдердің құқығы үшін күрескен белсенді Мартин Лютер Кингтің өліміне қатысты құпия құжаттарды жарияланатынын мәлімдеді. Бұл туралы Elorda.info.kz хабарлайды. 

“2025 жылғы 17 наурызда президент Дональд Трамптың берген бұйрығына сәйкес, бұрын құпия сақталған Кеннедидің өліміне байланысты құжаттардың барлығы жарияланды”, - делінген архивтің ресми сайтында.
АҚШ билігі бұл құжаттарды толық көлемде 2017 жылы жариялауы тиіс еді. Алайда сол кездегі президент Дональд Трамп пен кейін бұл қызметті атқарған Джо Байден барлау қызметіне қосымша уақыт беріп, ақпараттың ашық жариялануы елдің ұлттық мүддесіне және халықаралық қатынастарына зиян тигізуі мүмкін бе, соны бағалауды тапсырды.

Осы уақытқа дейін жарияланған  құжаттар көпшіліктің күткен сенсациясын тудырмады. Алайда екінші президенттік мерзімін бастаған соң, Трамп бұл құжаттарды жариялау туралы жаңа жарлық шығарды. Кейін ол 18 наурыз күні құжаттар ашық қолжетімді болатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл шамамен 80 мың беттен тұратын материал және ешбір редакцияланбаған күйде ұсынылады.

Айта кетейік, Президент Джон Кеннеди 1963 жылы 22 қарашада Даллас қаласында қастандықпен өлтірілді. Ол АҚШ президенті ретінде үш жылға жетпейтін уақыт жұмыс істеді. Тергеу барысында оның өлімін Ли Харви Освальд атты қылмыскер жалғыз өзі жасағаны анықталды. Алайда, екі күннен кейін Освальдтың өзін де атып өлтірді.  Кейін белгілі болғандай, Освальд 1959-1960 жылдары КСРО-да тұрған, Минскідегі зауытында  ағаш ұста  болып жұмыс істеген және сол жақта орыс қызымен үйленген. Кейін жұбайымен бірге АҚШ-қа оралды. Кеннедидің өліміне қатысты көптеген теориялар айтылып, оның кімге тиімді болғаны жөнінде түрлі болжамдар жасалды.   

Ақерке Азатқызы