Әлем

«1,5 мың қазақстандық бар»: министрлік Дохадағы жарылысқа қатысты айтты

9 қыркүйек күні Израиль Доха қаласына әуеден соққы жасады. Парламент Мәжілісінде Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Қатардағы қазақстандықтардың бүгінгі жағдайы туралы айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Әлібек Бақаевтың айтуынша, жарылыс салдарынан құрбан болғандар арасында қазақстандықтар жоқ.

«Әрине, Қатарда Қазақстан азаматтары бар. Құрбан болғандар арасында еліміздің азаматтары жоқ. Бұл жағдайға қатысты елшілікке ешкім хабарласпады.  Бірақ соған қарамастан біздің елшілік белсенді жұмыс істеп жатыр. Бүгінде Қатарда 1,5 мың қазақстандық бар. Олардың ішінде 516-сы консулдық есепте тұр. Консулдық есепте тұрған азаматтармен біз тұрақты байланыстамыз, ал ол есепте жоқ азаматтар өздері елшілікке жүгінсе, біз оған қажетті көмекті көрсетеміз»,- деп жауап берді ол.

Сонымен қатар Әлібек Бақаев Израильде шамамен 500 қазақстандық бар екенін айтты.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар астанасы Дохада Израиль билігі жасаған әскери акцияны айыптады. Президенттің сөзінше, бұл Қатар мемлекетінің егемендік құқығын бұзады және халықаралық құқық қағидаттарына қайшы келеді.