Президент: «Тұрақтылық пен тыныштықтың қадірін білу қажет»
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазақстанымыз Әділетті, Қауіпсіз, Таза, Күшті ел болуы керек. Бұл – жалпыұлттық стратегиялық мақсатымыз, барша азаматқа ортақ міндет, қастерлі парыз. Озық ел болу үшін біз әлі талай белесті бағындыруымыз керек. Тұрақтылық пен тыныштықтың қадірін білу қажет. Әсіресе, мұны жастарымызға дұрыс түсіндіріп, оларға бағдар көрсеткен жөн. Еліміздің ертеңі – өскелең ұрпақтың қолында. Сондықтан жастарымызды ең алдымен Адал азамат етіп тәрбиелеу қажет. Адал азамат дегеніміз – елін, жерін сыйлайтын, заңға бағынатын, білімге ұмтылатын, ұлттық құндылықтарды қолдайтын және ел бірлігін нығайтуға үлес қосатын азамат. Еліміздің озық болуы осындай отаншыл, тәртіпті, білімді, мәдениетті, белсенді және ойы ұшқыр жастарға тікелей байланысты. Өз қабілетіне сенетін, көзі ашық, көкірегі ояу, еті тірі, еңбекқор адамның ешкімге тәуелді болмайтынын жас ұрпақ ұғынып өсуі қажет. Әр азаматымыз өз ісіне тиянақты, ұқыпты және жинақы болса, тұтас мемлекет те табысты болмақ. Біз бәсекеге қабілетті ұлт болуымыз керек. Бұл – ең алдымен, ұлтымыздың сапасы, яғни азаматтарымыз заманауи, озық ойлы, жасампаз болуы қажет деген сөз. Қазіргі аса күрделі, құбылмалы және қарама-қайшылыққа толы заманда озық ел болу оңай шаруа емес. Сол себепті біз батыл шешімдер қабылдап, нық сеніммен жарқын болашаққа қарай жүреміз. Сонда ғана осы уақыт халқымыздың сана-сезімінде ұлы бетбұрыс жасаған тарихи кезең болып қалары анық. Мен бұған кәміл сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазіргі алмағайып заманда салиқалы дипломатия дәстүріне негізделген сыртқы саясатты ұстану айрықша маңызды екенін атап өтті.
«Бәріміз бір ел болып қолға алған реформалардың түпкі мақсаты – Қазақстанды жаңа жағдайға бейімдеу, сол арқылы еліміздің егемендігін нығайтып, бәсекеге қабілетін арттыру. Мемлекет басшысы ретінде мен жеріміздің тұтастығын, еліміздің дербестігін және экономикалық дамуын қамтамасыз етуім керек. Бұл – менің азаматтық борышым. Қазір әлем түбегейлі жаңа тарихи кезеңге қадам басты. Бәріңіз де мұны көріп-біліп отырсыздар. Бір жағынан, қақтығыстар мен соғыстар азаймай тұр, басқа жағынан, жоғары технологиялар, жасанды интеллект тез дамуда. Осындай күрделі жағдайда еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Барша елмен достық қатынас орнатып, мемлекетімізді сенімді серіктес ретінде таныттық. Соның арқасында энергетика, көлік, логистика, ақпараттық технология, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларға қомақты инвестиция тартып жатырмыз. Қазіргі алмағайып заманда салиқалы дипломатия дәстүріне негізделген сыртқы саясатты ұстану айрықша маңызды. Біз мемлекеттердің бәрі өзара тіл табысып, ортақ мәмілеге келе білгені жөн деп санаймыз. Өзара сенім мен құрметті нығайтып, әріптестік қарым-қатынасты дамыту қажет деп есептейміз. Жақында Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы ашылды. Мұны зор жетістік деп айтуға болады. Мен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясында негізгі халықаралық мәселелерге баса назар аудардым, бірқатар ұсыныс айттым. Әлемде барлық елдің мүддесі ескерілетін әділ халықаралық қатынастар жүйесін орнату керек. Қазақстан дүние жүзі қауымдастығының жауапты әрі ықпалды мүшесі ретінде алдағы уақытта да теңгерімді әрі сындарлы сыртқы саясат жүргізеді», - деді Президент.