Ақорда

Президент Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасын қабылдады

Мемлекет басшысы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаровты қабылдады, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президентке «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлықты іске асыру мақсатында атқарылған жұмыс нәтижесі баяндалды.

Марат Омаров мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту үшін 450-ден аса кәсіпорынды қамтитын тізім дайындалғанын жеткізді.

Ұлттық жекешелендіру кеңсесі әзірлеген тізімдегі компанияларды бәсекелестік ортаға беру ұсынылады.

Сондай-ақ Марат Омаров негізгі тауарлар нарығындағы бәсекелестікті дамыту жұмыстары аясында биржалық қызмет заңнама талаптары мен қазіргі нарықтық сауда жағдайларына сәйкестендірілгенін айтты.

Бүгінгі таңда 3 тауар биржасы жұмыс істейді, ал Агенттікке аталған саладағы мемлекеттік бақылау функциялары берілген сәтте 22 биржа болған еді.

Төраға ведомствоның алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспарын таныстырды.

Президент экономиканың басты секторларындағы бәсекелестікті дамытуға, ведомство жүргізіп жатқан тергеулер мен тексерулерге, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қорғауға байланысты бірқатар тапсырма берді.