Ақорда

Білім беру саласына бөлінетін қаржы үш есеге артты – Президент

Бес жылда білім беру саласына бөлінетін қаржы үш есе артты. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазақстан – Конституция бойынша әлеуметтік мемлекет. Сондықтан біз осы жауапты, құрметті миссияны міндетті түрде орындаймыз. Әлеуметтік стратегиямыз тиімді, әділетті болуы керек. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Бұл өскелең ұрпақ үшін жасалған үлкен қадам. Біз озық ойлы ұлт болуымыз керек. Бәсекеге қабілетті ел болу үшін, ең алдымен, білім-ғылымды дамыту қажет. Сондықтан бес жылда білім беру саласына бөлінетін қаржыны үш есе арттырдық», - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент Ұстаздардың жалақысының көтерілгенін атап өтті.

«Ұстаздардың жалақысын екі есе ұлғайттық. Қазіргі таңда қоғамымызда мұғалім мамандығының мәртебесі анағұрлым көтерілді. 1200 жаңа мектеп аштық. Соның ішінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында көптеген білім ордасы бой көтерді. Ұлттық ғылымды қолдауға да мән беріп отырмыз. Бұл салаға салынған қаражат бес жылда 5 есе өсті. Шетелдің 33 беделді университеттерінің филиалы ашылды. Сондай-ақ ұлт саулығын жақсарту үшін жүйелі шаралар қабылданды. 2020 жылдан бері медицина саласына бөлінетін қаржы 3 есе артты. 927 медицина нысаны ашылды. Еліміздегі орташа өмір сүру ұзақтығы 75 жастан асты», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.